Зілзалада психологиялық көмек ең алдымен балаларға қажет болды – Түркияда қызмет көрсеткен еріктімен сұхбат
Жақынын жоғалтқандар үміт үзе бастады
- Ләззат ханым, сіздің жер сілкінісі болған аймақтарда ерікті ретінде түрік бауырларымызға психологиялық көмек көрсетіп жүргеніңізді әлеуметтік желідегі аккаунтыңыздан көріп, біліп отырмыз. Уақыт озған сайын үйінді астынан тірі адам алып шығу ықтималдығы нөлге жақындап келеді. Бұл ахуал сол жақтағы елдің көңіл күйінен, әрекетінен, қарым-қатынасынан көрініс тауып жатыр ма?
- Зілзаланың негізгі толқынынан бері 3 апта уақыт өтті. Енді адамдардың тірі қалуы екіталай екенін халық та түсініп отыр. Десек те «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» деген сөз бар ғой. Тірі табылып жатқан адамдар бар. Оның бірден-бір факторы - ауа райы. Қазір күн салқын болып тұр. Жаз болса, күн ыстықта адамдар тірі қалмаушы еді, шөлдеп өлетін еді. Тірі табылып жатқандарға қыстың салқыны септігін тигізді. Уақыт өткен сайын ондай ғажайып жайттар азайды. Мәйіттер көптеп шыққан сайын адамдардың көңіл-күйіне әсері тиіп жатыр. Жақындарын іздеп жүргендердің көбі үміттерін үзе бастады.
- Психолог ретінде айтыңызшы, апат психологиялық тұрғыда қоғамның қандай санатына бәрінен ауыр тиіп жатыр деп ойлайсыз? Әйелдерге ме, жастарға ма, балаларға ма? Мұндай ауыр кезеңде психологиялық көмек ең әуелі кімдерге көбірек көрсетілуі керек екен?
- Мұндай ауыр жағдайда психологиялық көмек ең әуелі балаларға көрсетілуі керек. Өйткені ересек адам зілзаланың не екенін түсінеді. Ал бала түсіне бермейді. Жұрт паналап жүрген шатырларды аралап, балалармен сөйлескен кезде талай байқадым. Көбі шатырға кіруге қорқып қалған. «Хайуан бар» деп қорқады. Жер сілкінген кезде небір үрейлі дыбыстар шыққан. Көбі содан қорқып қалса керек. Одан кейін әйелдерге ауыр тигені байқалып жатыр.
- Түркиядағы қазіргі қарекетіңіз өзіңізге өте құнды тәжірибе болып жатқан шығар. Бауырлас ел бұдан бұрын да түрлі ауқымдағы жер сілкіністерін бастан өткерген халық қой. Жергілікті психологтар мұндай жағдайға дайын болды ма? Мемлекет тарапынан бұл іс жолға қойылған ба екен? Біздің ел дәл осы психологиялық көмек бойынша қандай сәтті тәжірибені меңгеріп, қандай тәуекелдердің алдын алу керек сияқты? Жалпы қазақстандық психологтар, халықтың психологиялық саулығына жауапты органдар Түркядағы зілзаладан қандай сабақ алу керек деп ойлайсыз?
- Мұндай ауқымдағы жер сілкінісі ешбір елде болмаған. Бір мезетте 10 провинцияда зілзала болып, мыңдаған ғимарат қирады. Кейбір деректерде 100 мыңға жуық адам көз жұмғаны айтылып жүр. Өйткені әлі табылмай жатқан адам өте көп. Дәл осындай ауқымды апат болатынын ешкім күтпеді. Мұндайға ешқандай мемлекет дайын болмас еді. Біздің ел де мұндайға дайын емес деп ойлаймын. Өйткені Түркияда да психологтар топтасып, әлеуметік қызметтер құрылып жатқанымен, қазір тек адамдармен сөйлесіп, шерін тарқатуға көмектесіп жатыр. Мамандар 100 жылда бір болатын сілкініс екенін айтты ғой. Бұған дейін болғандарының ауқымы, зардабы қазіргімен салыстыруға келмейді.
Психологтар да, әлеуметтанушылар да бар болғанымен, үлгермей жатыр. Алғашында 10 қаланың арасында сабылып жүріп қалды. Қазір бәрі бір жүйеге түсіп, аналарға арналған, балаларды қабылдауға арналған шатырлар тігіле бастады. Алғашқы бір аптада психологиялық көмек көрсетілді деуге келмейді. Біз барған кезде балалармен жұмыс істеуге қажет қалам, қағаз, кітап, сурет сияқты құралдың ешбірі болған жоқ. Оны біз өзге қалалардан тасыдық. Оны сатып алуға қазақстандықтардың көмектесіп, қаржы жолдап жатқанын әлеуметтік желіде үнемі айтып, есебін беріп жүрмін. Әзірге түрлі психологиялық ойындар арқылы көңілдерін аулап қана жатыр.
Жергілікті халық мұндай зілзалаға дайын болмаған. Өйткені мұны бұған дейін болған, өзге елдерде болған жер сілкіністерімен салыстыруға келмейді. Жапониядағы тербелістер тереңде болса, бұларда жердің бетімен жүрген.
Иә, бұл мен үшін өте үлкен тәжірибе болды. Адамдармен сөйлесіп, психологиялық жұмыс істеу, оларға эмпатия білдіру (қайғысын бөлісу-ред.) маған үлкен тәжірибе болып жатыр.
Біздің ел қандай сабақ алу керек дегенге келсек, жалпы дәл мұндай оқиғаға дайын жүретін маман деген болмайды. Осындай күрделі жайттар мамандарды біріктіріп жібереді. Біз түрік ағайындардың бірлігіне куә болдық. Бәлкім содан сабақ алу керек шығар. Зілзала болған кезде жастары да, кәнігі мамандары да, оқып жатқан студенттері де, түрлі саланың адамдары жұдырықтай жұмылып әрекет етіп жатыр. Өзгелерге моральдік көмек беру үшін психолог болу міндетті емес екенін де осы оқиға көрсетті. Адаммен адамша қарым-қатынас жасау көп адамды сабасына түсіреді. Діні, ділі басқа адамдар, LGBT дейсіз бе, басқасы дейсіз бе, гендерлік ұстанымы әркелкі топтардың өкілдері бір мақсатқа жұмыла алатынын көріп жүрміз.
Біздің елге тәжірибе ретінде айтатыным, қиын сәтте даурықпай ауызбіршілікте болу керек сияқты. Ондай сәтте суырылып шығатын еріктілеріміз көп болу керек. Мысалы, маған да апат басталған кезде кішкене балаларымның қауіпсіздігін ойлап, елге қайтып кетуіме болатын еді. Бірақ, «су ішкен құдығыңа түкірме» дейді ғой, үш жыл білім алған елді қиын сәтте тастап кете алмадым. Адамдардың қиналып жатқанын, көмек сұрап, үндеу тастап жатқандарды көре тұрып, алаңсыз кете алмайды екенсің. Бардым, көмектестім, жүрдім. Ешкім мені осы елдің студентісің немесе докторантсың деп, жолдамамен немесе міндеттемемен шақырған жоқ. Сол сияқты ешкім ешкімді мәжбүрлеп жатқан жоқ. Тәжірибе болатын басты дүние – адамдардың моральдік, адамгершілік таным-түсінігі биік болу керек.
Олай дейтінім, біз Қаһраманмарашқа барған кезде әлі жер сілкініп тұрды. Әрине, ешбір адам басын қатерге тіккісі келмейді. Әлі де сілкініп тұр. Көмекке келген адамдарды қабылдамақ түгіл жергілікті халыққа пана тауып бере алмай жатыр. Соған қарамастан тегін келіп, көмек беріп жатқан адамдар көп.
Тек психологтарды емес, жалпы қоғамды осы жағына тәрбиелеу керек сияқты. Түрік жастары өздерінің елінің ертеңі сенімді қолда екенін апат кезіндегі әрекеттерімен көрсетті. Девиантты мінез-құлқы бар ( лат. deviatio – ауытқу/ред) балалар, әке-шешесімен тіл табыспайтын, мінезі қиын балалар да келіп, көмектерін беріп жатыр.
«Баламды тірісінде еркелетпедім» деп өкінетіндер көп
- Зілзаланың салдарынан жетім қалған балалар, баласын жоғалтқан әкелер мен шешелер басына түскен қиындықты қалай еңсеріп жатыр?
- Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған жетім қалған балалардың санын толық анықтап, арнайы балалар үйін салатынын айтты. e-Devlet дейтін өздерінің бағдарламасы бар. Түрік ағайындары сол арқылы балаларды қамқорлығына ала алады. Жетім қалған балаларға қазір, әрине, қиын. Ал баласын жоғалтқан аналардың әр күні өкінішпен өтіп жатыр. «Неге бұрын балама көңіл бөлмегенмін», «Неге көбірек құшақтап, көбірек сүймедім екен» деп жылайды сөйлескендердің бәрі. Бір сөзбен айтсақ, өте терең күйзелісті өткеріп жатыр.
- Түркияның зілзала болған аймақтарындағы халықтың ес жыюына кемінде жарты жыл керектігін жаздыңыз. Мұндай қорытынды жасауыңызға қандай себеп негіз болды?
- Иә, зілзаланың кесірінен зардап шеккен адамдардың өзіне келуіне кемінде алты ай керек. Оны неге сүйеніп айтып отырмын? Қазір адамдар шок жағдайында. Өзіміз де шок алдық. Жер сілкінісі біз тұрған жерде де болды. Қатты әсер етті, басында шок жағдайында жүрдік. Ал былайғы халық әлі сондай қалыпта жүр. Ертеңі не болатынын, өмірін қалай жалғастырып кететіндерін білмейді. Алдарында мәлім дүниеден беймәлім дүние көп. Басындағы үйінен бастап, қалтасындағы құжатына дейін айырылған. Өзіңіз ойлаңызшы! Дүние-мүлік пен құжаттан бұрын бірінің баласы, бірінің әке-шешесі, бірінің жары, бірінің тұтас әулеті ажал құшқан. Ондай қаралы жағдайдан адам кемінде жарты жылдан кейін ес жиып, өзіне келеді. Содан кейін ғана тірі адам ретінде тіршілігін әрі қарай жалғайды.
- Түркия балаларының төтенше жағдай кезінде не істеу қажеттігі туралы білімі, машығы қандай деңгейде деп бағалар едіңіз? Жапонияда бұл мәселе балабақшадан бастап үйретілетінін жиі естиміз, оқимыз. Бұл тұрғыда Қазақстанға қандай оң тәжірибелерді меңгеріп, жолға қою қажет деп ойлайсыз?
- Зілзала болмай тұрып, Қайсеріде тұрып жүргенде телефонымызға хабарлама келетін. «Deprem сабақтары болады, бүкіл Түркия бойынша бір уақытта баршаңыз үйден сыртқа шығуларыңыз керек. Бұл жалпұлттық оқу-жаттығу» деп жататын. Кез келген автобус стансаларында да жер сілкінісі кезінде не істеу керектігі туралы нұсқау ақпараттар орнатылған. Бізге осы жағынан да тәжірибе алу керек сияқты. Сондай нұсқаулықтар көрнекі ақпарат ретінде әр жерде тұруы керек.
Көп адам шұғыл жайттарда қолданылатын қарапайым әрекеттерді ескермегендіктен өлім құшты. Өйткені қуатты дүмпулер кезінде адамдардың көбі баспалдақта қалып қойған. Қайтыс болғандардың көбі баспалдақта жан тапсырған. Қашып үлгермеген болып тұр ғой. Қарбалас кезінде қашып үлгерем деп қатерге тап болған. Негізі «Қашқан адамға бірінші оқ тиеді» деген алтын қағида бар.
Ал аман қалғандардың көбі тоңазытқыштың жанын, төсек пен дивандардың жанын паналағаны айтылып жатыр. Демек олар «Жер сілкінген кезде не істеу керек» деген нұсқаулықтарды қаперінде ұстаған. Қауіпсіздік ережелерінен сауаты болған. Мұндай тәжірибелерді, зілзала кезіндегі қауіпсіздік ережелері туралы тексерілген ақпараттарды әркім әлеуметтік желіде бөлісіп отыруы керек. Қолда телефон немесе дыбыс шығаратын құралдар болса, аман қалу мүмкіндігі жоғары. Себебі уақыт өткен сайын адам қалжырап белгі бере алмайтын жағдайға түсуіңіз мүмкін.
«Тірі балаларды көргенде өзім мәйітін тасыған сәбилер көз алдыма келе береді»
- Кімнің кім екені тосын сәтте белгілі болады дейтін тәмсіл бар ғой. Түркиядағы зілзала жергілікті халықтың немесе адам баласының психологиясындағы қандай қауіпті, жайсыз құбылыстарды жарыққа шығаратынын байқадыңыз? Қандай адам сүйсінерлік, үлгі алып, өнеге ететіндей жағымды жайттарға куә болдыңыз? Ең есіңізде қалған оқиғаларға тоқталсаңыз.
- Ең бірінші есте қалған, өнеге алуға болатын дүние – жастардың жанкештілігі. Өз бастарындағы қиыншылықтарға қарамай, апат салдарын жоюға атсалысып жүрді. Күйзеліске түскен жастармен де жұмыс істедік. Солардың өзі «мен күйзелісте жүрмін» деп бос отырмай, қолдан келгенше өзгелерге көмектесіп жатыр.
«Қызыл Ай» қоғамында 25 жастағы бір бала ерікті болып жұмыс істеп жүрді. Кішкентай балалардың мәйітін тасып, содан қатты шошынып қалған екен. «Қазір тірі бала көрсем, неге бұл тірі, мен тасыған балалар неге өлді деген сұрақ ойыма орала береді. Балаларды ойнатып болғаннан кейін бұлардың арасында мен мәйітін тасыған балалар да жүруі керек еді ғой деген өкініш туады», - деп мұң шағады. Оған да психологиялық көмек бердік. Жаттығулардың бірінде сурет салғызсам, екі түрлі баланы кескіндепті. Күліп тұрған баланы тірісі, жылап тұрған баланы өлі бала деп түсіндірді. Маған әсер еткені, сол бала жаны күйзеліп жүрсе де, мұқтаж жандарға көмек беруден шектелген жоқ. Өзіне кері әсері болып жатса да, жұмысын тастамай қойды.
Тағы бір үлгі алатын нәрсе – ауруханада жатқан балаларға оқырмандарым арқылы ақша жинап, киім-кешек, телефон сияқты қажетті заттар апарып бердік. Ол кезде күн суық. Жылы киімдер керек болатын. Бір дүкеннің сатушысы біз алған киімдердің жартысын өз атынан көмек болсын деп, тегін беріп жіберді. Тағы бірнеше дүкенде қалам-қағаздың бағасын түсіріп, жарты бағасына сатқандар болды. Қайғыға ортақтасу, қолда барды бөлісу сияқты қасиеттерден үлгі алуға болады деп ойладым.
Мен писхолог болып жүргендіктен бе, «Қызыл Айдағы» жастар бір жұмысты қолға алсам, жүгіріп келіп іліп әкетеді. «Өзіміз істейміз. Екі кішкене балаңыз бар. Сізге ауыруға болмайды. Үйіңізге қайтыңыз», деп құрақ ұшып тұрды. Соған қайран қалдым.
- Түркияға тілдік барьері бар адамдардың ерікті ретінде баруы қаншалықты орынды деп ойлайсыз? Бауырлас елдердің арасындағы мәдени байланыс қазіргіден терең болса, сын сағаттарда түрік пен қазақ тілмашсыз-ақ түсінісіп жүретін еді ғой деген өкініш болған жоқ па?
- Тілдік барьер деген нәрсе жоқ. Түріктер қазақты көрсе, «кардешім», «бауырым» деп құшақ жайып тұрады ғой. Сол бауырмалдықтың арқасында қазақтар тез тіл табысып, ұғысып кетеді. Зілзала болмай тұрып та солай болған. Тілмаш керек жоқ арамызға. Егер біреу ерікті болып келем десе, оған тілмаштың еш қажеті жоқ. Түбіміз бір болғаннан кейін ондай проблема болмайды.
Бізде бизнеске негізделген психология ғылымға негізделген психологияны ығыстырып тастаған
- Бір жыл бұрын Қазақстан қоғамы да өз тарихында болмаған қаңтар күйзелісін басынан өткерді. Бірақ соның психологиялық салдарын еңсеру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілмеген сияқты. Түркиядағы жағдайдың сипаты бөлек десек те, бұл да күйзеліс қой. Жалпы мұндай құбылыстардың психолоиялық салдарын емдеп жазу кімнің міндеті деп ойлайсыз? Мемлекет жауапты ма, психологтар қауымы жауапты ма?
- Қазақстандағы қаңтар оқиғасы болсын, Түркиядағы зілзала болсын, бұлар тосыннан келген жағдайлар ғой. Бұған мемлекет, әуелі билік жауапты болу керек деп ойлаймын. Десе де, биліктен бұрын арнайы мамандар, психологтар кәсіби антына адалдық танытып, қайғы орын алған жерге ерікті болып баруға тиіс. Иә, қаңтар оқиғасынан кейін бұл мәселе жүйелі жолға қойылмады. Тіпті психологтардың зерттеу жасаған жұмысын да көрмедік. Өйткені Қазақстанда психологиялық қызмет жолға қойылған деп айта алмаймын.
Өкінішке қарай, Қазақстанда әлеуметтік желіде екінің бірі психолог болып отыр. Шала сауатты, тиіп-қашып курс оқып алған, психологиялық дипломы жоқ адамдардың өзі өзгелерге кеңес беріп жүр. Оның бәрі бизнеске негізделген. Бізде қазір бизнеске негізделген психология ғана дамып жатыр. Ғылымға негізделген психология жоқ деп айтуға болады. Академиялық бағыттарға бөлінген салалық психология дамымай жатыр. Мысалы, мен мұнда дін психологиясын оқып жатырмын. Сол сияқты Қазақстанда да дін психологиясы, әлеуметтік психология, саясат психологиясы, тіл психологиясы деген мамандықтар ашылып, оқытылуы керек. Елімізде дін психологиясы болғанда біз де шетел асып оқымас едік. Бұл – шындық.
Осындай кафедралар ашылып, мамандар шоғыры қалыптасып, кітаптар аударылып, тәжірибелер жасалу қажет. Ғылыми тұрғыдан қатты ақсап тұрмыз. Жүйелі жұмыстың болмай жатқаны да содан.
- Әлеуметтік желіде тарап жатқан контенттің ішінде адам сенгісіз видеолар бар екенін байқап жүрміз. Бірнеше жыл бұрын өмірден өткен ана аруағының құтқарушыларға үйінді астындағы балаларының жатқан жерін көрсетіп құтқарғаны, 10 күннен астам сусыз жатса да адамдардың дұғаның арқасында аман қалғаны туралы сұхбаттар қаптап жүр. Мұның аяғы апаттан кейін елде діни фанатимзнің етек жаюына әкеледі-ау деген күдігіңіз жоқ па?
- Сіз айтып отырған мысалдар діни фанатизмге әкелмейді. Өйткені қазақ пен түрікке ортақ құндылықтар бар. Аңыз-әфсана оларда да сақталған. Бірақ түріктерде дін тұрмыстық дәстүр деңгейінде сіңіп кеткен. Қазақта періштесі қақты деп жатады. Сол тұрғыдан алсақ, діни фанатизм қаупі жоқ. Өйткені Түркияның мешіттерінде қазір тек қариялар отырады. Ыстанбұл мешіттерінде де тек үлкен кісілер. Жастар тіпті келмейді де. Бұл жақта жастардың дінге деген талпынысы Қазақстандағыдай емес. Қазақстан 70 жыл коммунистік режимнің ықпалында болғаннан кейін дінге деген ықыласы зор болып тұр ғой. Бұл жақта ондай нәрсені қатты көре бермейсіз. Бұларға діни амалдар күнделікті режимнің бірі болып кеткен. Сондықтан осы зілзаладан кейін Түркияда діни фанатизм белең алады деген ой жоқ.
-Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!