Зілзаладан зардап шеккен 1,6 млн Түркия азаматы уақытша баспаналарға орналасты - Елші

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Зілзаладан зардап шеккен 1 млн 684 мың азаматымыздың баспана мәселесі шешілді. Елшілікте өткен брифингіде Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде 1 млн 684 мың азаматымыздың баспана мәселесі шешілді. Бұл адамдар үшін шатырларда, контейнерлерде, жатақханаларда және қонақ үйлерде орындар бөлінді. Күн сайын шатырлар тігіліп, контейнерлер орналастырылып жатыр. Шатырлы қалашықтар 270 жерде орнатылды. Төтенше жағдай істері бойынша агенттігі 1 809 шатыр, Ұлттық қорғаныс министрлігі 59 мың шатыр орнатты. «Қызыл жарты ай» және басқа да мекемелер орнатқан шатырлармен бірге олардың саны 400 мыңға жетті деп айта алмыз», - деді Уфук Екиджи.

Елші брифинг барысында зардап шеккендерге көмек ретінде қазақстандықтар 5 млн доллар жинағанын айтып, алғыс білдірді.

Сонымен қоса, бүгінге дейін жер сілкінісінен қираған және құлау алдында тұрған 156 мың ғимарат анықталғанын мәлім етті.

Еске салайық, 6 ақпанда Кахраманмарашта магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.


Соңғы жаңалықтар
telegram