Зілзала кезінде қираған үйдің шығынын кім өтейді

АСТАНА. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында жер сілкінісі салдарынан қираған ғимараттар үшін өтемақы төлеуге кім жауапты екені жөнінде мәлімет берді. 

қиранды
Фото: Avesta.tj

— Бүгінде Қазақстанда нұқсанды өтеу тәртібі «Азаматтық қорғау туралы» заңның 58-бабымен және ТЖМ-ның 2026 жылғы 31 наурыздағы № 143 бұйрығымен (2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) бекітілген Зиянды (залалды) өтеу қағидаларымен реттеледі. «Азаматтық қорғау туралы» заңның 58-бабына сәйкес, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген залал уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өтеледі, — делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, алдымен, шығынның мөлшерін анықтау үшін жергілікті атқарушы орган арнайы комиссия құрады. Тұрғын үй зақымданған жағдайда техникалық тексеру жүргізіліп, келтірілген нұқсан бағаланады. Заңнамада белгіленген шектеулер де ескеріледі. Осындай іс-шаралардан соң, өтемақы көлемі белгіленеді.

Мүлік сақтандырылған болса, өтемақыны сақтандыру ұйымы қамтамасыз етеді. Ал заңсыз салынған нысандар мен жылжымайтын мүлікке жатпайтын уақытша құрылыстар үшін өтемақы төленбейді. Сондықтан үйді рұқсат етілген жерге, заңды жолмен салу және сақтандыру маңызды.

— Қазіргі уақытта әрбір азамат өз өмірін, мүлкін немесе жылжымайтын мүлкін кез келген сақтандыру компаниясында ерікті түрде сақтандыруға құқылы. Сондай-ақ, 2026 жылы Мемлекет басшысы «Сақтандыру қызметі туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырды, онда дүлей зілзалалардан тұрғын үйді міндетті сақтандыру нормалары жеке блок ретінде көзделеді. Аталған заң жобасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеп жатыр. Онда тұрғын үйлерді жер сілкінісінен, орман өрттерінен, су тасқыны мен су басудан міндетті сақтандыру қарастырылады, — деп мәлімдеді ТЖМ.

Айта кетейік, бұған дейін ғимараттың сейсмикалық төзімділігін қалай білуге болатынын жазғанбыз