Жаңа жыл – жаңа ережелер: қазақстандықтар неге дайын болу керек

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру үшін нақты шараларды бекіткені белгілі. Оның қатарында шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту, елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған түзетулер бар. Жаңа жылда бұл бастамалар қандай нәтиже береді? Kazinform аналитикалық шолушысы оны сарапшылармен бірге зерделеді.

жыл қорытындысы
Коллаж: Kazinform / Freepik

Жаңа экономикалық бағыт: өсім, инфляция, табыс

Қолдау шараларының негізгі бағыттарына тоқталсақ, алдымен АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының, сондай-ақ коммуналдық тарифтердің қымбаттауына мораторий енгізілді. Жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолдануға шектеулер алынып тасталды. Осылайша, тыйым салынған қызмет түрлерінің саны 44 бағытқа қысқарды. 1 қаңтардан бастап ұсақ және шағын бизнеске қатысты салықтық тексерістер, камералдық бақылаулар және сот талаптары тоқтатылады. Азаматтардың автокөлікті лизингке алу механизмі енгізілетіні хабарланды. Сонымен қатар ипотеканы қолдау мақсатында «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне бөлінетін қаржы 500 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ.

Ұлттық банк: нақты секторда экономикалық белсенділік жақсарды
Фото: Pixabay.com

Экономист Айбар Олжаев шұғыл шаралардың себебін былай түсіндірді.

– Қазір Үкімет бюджеттен қаржы бөліп, құрылыс жүргізу, көпір салу арқылы экономика белсенділігін арттыру жолымен өсімге қол жеткізіп отыр. Бірақ бұл қысқамерзімді әсер беріп, инфляцияны көтереді. Бензин мен жанармайдың бағасын еркін нарыққа жіберу, тарифтерді көтеру, қосылған құн салығын енгізу – барлығы инфляцияны тудыратын факторлар. Осы себептен Үкіметтің бұл шаралары экономиканы түзетуге бағытталған, – деді Олжаев.

Айбар Олжаев
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Қаржы сарапшысының айтуынша, Үкімет пен Сенаттың соңғы талқылауларынан кейін алдағы үш жылға арналған экономикалық курс біртіндеп айқындала бастады. 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы, республикалық бюджет пен жалпы трансферттер туралы заң жобалары – осы жаңа бағыттың өзегі.

Билік тармақтарының ұзақ талқысынан өткен құжат ел экономикасын «қатаң бюджет – таргеттелген инфляция – өсіп келе жатқан табыс – күшейген аймақтар» формуласы бойынша дамытуға бағытталған. Үкіметтің басты уәдесі – жыл сайын 5% экономикалық өсім мен халық табысының өсуі.

Салық ережесіндегі өзгерістер бизнеске не береді?

Президенттің пәрменінен кейін Үкімет салық-бюджет реформасын да қайта қарап, бизнес секторын қолдау мақсатында жаңа шешімдер қабылдады. Ең басты жаңалық – шағын және орта кәсіпкерлік салықтық тексерістен, камералдық бақылаудан босатылады.

бизнес, кәсіпкерлік
Фото: Gov.kz

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, бұл кәсіпкерлерге жаңа ережелерге бейімделуге мүмкіндік береді.

Жаңа жылдан бастап жаңа жүйе іске қосылады. Камералдық тексерістер, есептіліктерді салыстыру шаралары болмайды. Бірақ резидент емес тұлғалар бұл жеңілдікке ілікпейді, – деді Біржанов Мәжілісте.

Қазір Қазақстанда 2,38 миллион шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 2,18 миллион. ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 39%-ды құрап отыр.

Бұл ретте экономист Бауыржан Ысқақов шешімнің өңірлік даму мен бәсекелестікке оң әсер тигізетінін атап өтті.

Салықтық тексерістердің уақытша тоқтатылуы кәсіпкерлерге өз ісін кеңейтуге мүмкіндік береді, әкімшілік кедергілер азайып, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай туады. Нәтижесінде бұл өңірлік даму қарқынын жылдамдатуға ықпал етеді, – деді Ысқақов.

Ал Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, бұдан өзге де өзгерістер бизнестің еркін дамуына жол ашып, кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайтады.

Бибігүл Жексенбай
Фото: senate.parlam.kz

– Жеңілдетілген салық негізінен шағын кәсіпкерлікті, әсіресе қалтасы жұқа бизнес субъектілерін қолдауға бағытталған еді. Үй жанындағы дүкендер, шаштараздар, шеберханалар мен шағын дәмханалар осы жеңілдік арқылы өмір сүріп келді. Алайда уақыт өте кейбір алып бизнес салалары – көтерме сауда, құрылыс, кеңес беру, IT – «шағын бизнес» атын пайдаланып, осы режимге кіріп кетті. Енді Үкімет бұл жүйені ретке келтіріп, жеңілдетілген салықты нақты шағын кәсіпке қайтаруды басты мақсат етіп отыр, – дейді сенатор.

Депутат атап өткендей, халықпен тікелей жұмыс істейтін дүкендер, базарлар, дәмханалар мен дәріханалар бұрынғы қарапайым салық жүйесінде қала береді. Сонымен қатар нәзік салалар да назардан тыс қалмайды. Олардың қатарында балабақшалар, спорт пен өнер үйірмелері, тіл курстары сол қалпында жеңілдетілген жүйеде жұмыс істей береді. Бұл қызмет түрлері әр отбасының өмір сапасына тікелей әсер етеді, сондықтан салық жеңілдігі тек экономикалық емес, әлеуметтік қамқорлықтың белгісі болып отыр.

Ережедегі ерекшеліктің бірі – енді кәсіпкер келер жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі салық қарызын төлесе, өсімпұлдар мен айыппұлдарды төлеуден босатылады. Алайда еш бақылау болмайды деген орынсыз. Мамандар қылмыстық іс қозғалса немесе салық төлеушінің өз сұрауы бойынша тексеру жүргізуге құқылы.

Жеңілдетілген ипотека мен құрылыс нарығын қолдау стратегиясы

Үкімет тұрғын үй нарығындағы тұрақтылықты да тыс қалдырмады. Нәтижесінде халыққа берілетін ипотекалық несиелер көлемі екі есеге ұлғайып, 500 млрд теңгеге дейін жеткізілмек. Несие «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы беріледі, ал сұранысқа ие «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады.

«Әскери баспана» бағдарламасы аясында жыл сайын кемінде жеті мың әскери қызметшінің отбасына жаңа салынған баспанадан бөлек, қайталама нарықтан да пәтер сатып алу мүмкіндігі беріледі. Бұған дейін бағдарлама арқылы 15 мыңнан астам әскери отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартқан. Бағдарламаны қайта іске қосу жыл сайын жаңа жеті мың әскери қызметшіге баспана алуға мүмкіндік береді. Сарапшылар мұндай қадам әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, құрылыс нарығын ынталандырады деп есептейді.

ипотека
Коллаж: Kazinform / Freepik

Тұрғын үй нарығында бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Үкімет құрылыс компанияларымен офтейк-келісімшарттар жасау механизмін енгізді. Оған сәйкес құрылыс салушылар үш жыл бойы пәтер бағасын өзгеріссіз ұстайды. Сарапшылардың айтуынша, мұндай тәсіл бағаның шарықтауына жол бермей, тұрғындарға қолжетімді тұрғын үй алу мүмкіндігін арттырады.

Экономист Расул Рысмамбетовтің пікірінше, ипотекалық несиелеу көлемін ұлғайту тұрғын үй нарығына оң әсер етуі мүмкін, бірақ белгілі бір тәуекелдер де бар.

– Ипотекалық несие көлемінің ұлғаюы тұрғын үй бағасының артуына ықпал етуі мүмкін. Егер бір уақытта көп тұрғын несие алып, тұрғын үйді белсенді сатып ала бастаса, нарықтағы сұраныс күрт өсіп, бағаның көтерілу қаупі пайда болады. Сондықтан құрылыс компаниялары өздерінің қаржылық жағдайын ашық көрсетуі маңызды. Олар пәтердің өзіндік құны мен маржасын анық көрсету арқылы баға саясатын әділ жүргізуі қажет, – дейді сарапшы.

Расул Рысмамбетов
Фото: primeminister.kz

Оның айтуынша, басқа елдерде де осындай жағдайлар кездесті. Мысалы, Оңтүстік Кореяда жаңа салынып жатқан үйді сатып алған адам кемінде екі жыл сол үйде тұруға міндетті, бұл шара алыпсатарлықты тежеуге бағытталған.

– Бағдарламалардың басты мақсаты – бағаны бақылау емес, тұрғын үйге сұранысты дұрыс бағыттау. Сол себепті жеңілдікке тек шынайы мұқтаж азаматтар қатысуы керек, ал алыпсатарлық әрекеттерден сақтану қажет, – деді ол.

Экономист Бауыржан Ысқақов несие алушылардың бөлінісі де өзгеріп жатқанын атап өтті. Мәселен, табысы тұрақты, несие тарихы жақсы, бастапқы жарнасы бар азаматтарға ғана ипотека шын мәнінде қолжетімді болып отыр. Қалған санат үшін несие алу айтарлықтай қиындаған.

– Егер базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде сақталып, халық табысы өспесе, 2026 жылдың бірінші жартысында да несиеге сұраныс әлсіз болуы әбден мүмкін, – деді ол.

Лизинг: көлік қолжетімді бола түсті ме?

1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда автокөліктерді лизинг арқылы алуға болады. Лизинг – бұл ұзақ мерзімге автокөлікті, жабдықты немесе техниканы жалға беру жүйесі, яғни компания мүлікті сатып алып, оны белгілі бір мерзімге пайдалануға береді. Жалға алушы ай сайын немесе келісім бойынша төлем жасап, мүлікті пайдаланады. Мерзім аяқталған соң үш нұсқа қарастырылады: мүлікті толық сатып алу, қайтару немесе жаңасына ауыстыру. Қарапайым тілмен айтқанда, лизинг – автонесие мен жалға алудың аралас түрі, бірақ кейде бастапқы жарнасы аз әрі шарттары икемдірек.

Автолизинг
Фото: Kazinform

Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, оның басты артықшылығы – ай сайынғы төлемдердің төмен болуында.

– Автокредитте төлем көліктің толық құнына есептеледі, ал лизингіде амортизация ескеріледі. Бұл ай сайынғы төлемді 15-30% төмендетуге мүмкіндік береді. Дегенмен, жалпы шығын келісімшарт пен комиссияларға байланысты 5-10% жоғары болуы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде бұл айырмашылық сезілмейді, – дейді ол.

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков қарапайым адамдар үшін көлікті несиеге алу қиын екенін еске салды.

– Көптеген қазақстандық үшін көлік сатып алу – үлкен қаржылық салмақ. Барлығы бірдей қымбат несие ала алмайды немесе алғашқы жарнаны жинауға жылдар қажет болады. Біз бұл мәселені екі жыл бұрын көтердік, енді ол іс жүзінде жүзеге асып жатыр, – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, бастапқыда көлікті жарнасыз ұзақ мерзімге беру қарастырылған, бірақ компаниялар өз шарттарын белгілей алады.

Көлік тек байлар мінетін дүние емес, оны қарапайым азаматтарға қолжетімді етуіміз керек. Осы бағыттағы жұмыстар келер жылы қарқынды жалғасады, – дейді Олжас Құспеков.

Сарапшы Бауыржан Ысқақов автокөлік сатып алатындарға қарыз жүктемесі коэффициенттері 2026 жылдың соңына дейін қолданылмайтынын атап өтті.

Бауыржан Ысқақво
Фото: Бауыржан Ысқақвотың жеке мұрағатынан

– Бұл қаржыландыруға қолжетімділікті арттырады, бірақ ай сайынғы төлемі ауыр несие алу қаупін күшейтеді. Сондықтан қазақстандықтар несие сомасына жауапкершілікпен қарауы керек, – дейді ол.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа жылдың басында несие нарығы баяулауы ықтимал. Дегенмен халықтың баспана мен көлікке деген сұранысы жоғары, сондықтан нарық толық «қатпайды». Оның үстіне жеңілдетілген бағдарламалар жағдайды тұрақтандыруда маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар