2030 жылға дейін елімізде қандай нысандар салынады: министр Ерсайын Нағаспаевпен сұхбат

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың өзінде құрылыс жұмыстарының көлемі 10,8 трлн теңгеге жетті. Алдағы уақытта да жаңа зауыттар, жолдар мен тұрғын үй кешендері салынады. Инфрақұрылым құрылыстың қарқынына ілесе ала ма? Азаматтар үшін баспана қолжетімді бола ма? Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін анықталған ақауларға кім жауап береді? Осы және басқа да сұрақтарға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында жауап берді.

Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

— Президент биылғы Жолдауында құрылыс көлемін арттырып, инфрақұрылымды ауқымды түрде жаңартуға шақырды. 2025 жылы Қазақстандағы құрылыс жұмыстарының көлемі 10,8 трлн теңгеге жетті. Мұндай өсімге қандай факторлар себеп болды және қазіргі таңда қай бағыттар қарқынды дамып келеді?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құрылыс саласына ауқымды міндеттер жүктеді. Бүгінде бұл салада нақты нәтижелер бар. Өсім тек тұрғын үй құрылысы есебінен ғана емес, көлік, әлеуметтік, инженерлік және басқа да инфрақұрылым түрлерін дамыту есебінен қамтамасыз етіліп отыр.

Өткен жылы Қазақстанда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 10,8 трлн теңге болды. Бұл — 2024 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға жоғары көрсеткіш. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінде автомобиль және теміржолдар мен метро құрылысының үлесі — 23,7%, тұрғын үйлер құрылысының мөлшері — 12,3% ал өзге де ғимараттар құрылысының үлесі 22,6% болды. Жалпы, ғимараттар мен құрылыстарды салу және жөндеу жұмыстарының 18,7%-ға артты.

Құрылыс саласындағы белсенділік ауқымын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауында тұрған нысандардың саны да көрсетеді. 2025 жылы мұндай нысандардың саны 22 639-ға жетті. 2024 жылы олардың саны 21 954 болған еді. Осылайша, көрсеткіш 3,1%-ға өсті. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы статистика бойынша, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауында 10 694 нысан тіркеуде тұр.

Айта кетейік, негізгі бағыттардың бірі — тұрғын үй құрылысы. Мемлекеттік саясаттың бұл бағыттағы мақсаты — саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, тұрғын үй құрылысын ұлғайту. 2025 жылы елде 20,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 6,2%-ға артық. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің 90,6%-ы жеке құрылыс салушылардың үлесіне тиесілі болды. Демек, тұрғын үй құрылысы еліміздегі құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінде маңызды орын алады.

Сонымен бірге, құрылыс жұмыстарының елеулі бөлігін көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары алады. 2025 жылы автомобиль жолдарының 13 мың шақырымында құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Оның ішінде шамамен 6 мың шақырым қашықтықтағы жұмыстар аяқталып, жолдар пайдалануға берілді. Жол құрылысы мен реконструкциялау аясында «Қалбатау — Майқапшағай», «Құрты — Қонаев», «Қызылорда — Жезқазған», «Ұзынағаш — Отар» жобалары іске асырылды. Сонымен қатар «Ақтөбе — Ұлғайсын», «Қарағанды — Жезқазған», «Атырау — Доссор» бағыттарындағы және Сарыағаш қаласының айналма жолын салу жобалары қолға алынды.

Тағы бір маңызды бағыт — әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 мектептің құрылысы аяқталды. Оның 112-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Жаңа мектептердің пайдалануға берілуі үш ауысыммен оқытатын 27 мектеп пен апатты жағдайдағы 11 мектептің мәселесін шешуге, сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, 2025 жылы елде 250 жалпы білім беретін мектеп, 64 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 5 аурухана және 166 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді. Бұл құрылыс жұмыстарының коммерциялық және тұрғын үй нысандарымен ғана шектелмей, халықтың әлеуметтік инфрақұрылымға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған нысандарды да қамтитынын көрсетеді.

— Қазіргі таңда қай өңірлерде құрылыс қарқыны ең жоғары, ал қай өңірлерде құрылыс көлемі азайып отыр? Оның себептері қандай?

— 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, республикадағы құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі — 111,5%. Ең жоғары өсім Ұлытау облысында тіркелді (2,4 есе). Қызылорда облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 31,5%-ға, ал Шымкент қаласында 25,4%-ға жоғарылады. Ұлытау облысындағы өсімге теміржолдар, автомобиль жолдары, газ құбыры және басқа да нысандар құрылысы ықпал етті. Қызылорда облысында өсімге жолдар мен тұрғын үйлердің, көпбейінді аурухана мен «Қызылорда-Арена» спорт кешенінің құрылысы септігін тигізді. Шымкент қаласында тұрғын үйлер мен өндірістік нысандардың салынуы, сондай-ақ автомобиль жолдарының қайта жаңғыртылуы құрылыс жұмыстарының көлемін арттырды.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Сонымен қатар, Жетісу облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 28,1%-ға, Қарағанды облысында 16%-ға, ал Солтүстік Қазақстан облысында 2%-ға төмендеді. Бұл, негізінен, жекелеген инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар бойынша жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты. Атап айтқанда, газбен жабдықтау, теміржол және автомобиль инфрақұрылымы, сондай-ақ сумен жабдықтау салаларындағы жұмыстардың азаюы әсер етті.

Дегенмен, құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі міндетті түрде инвестицияның немесе құрылыс қуаттарының жеткіліксіз екенін білдірмейді. Жағдайды объективті бағалау үшін қаржыландыру көлемін, ірі жобаларды іске асыру мерзімдерін және құрылыс ресурстарымен қамтамасыз етілу деңгейін ескеру қажет.

Жалпы, өңірлердегі құрылыс белсенділігі ірі инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және тұрғын үй жобаларын іске асыру арқылы қолдау тауып отыр. Мәселен, 2026 жылға арналған жоспарларда автомобиль жолдары мен теміржол желілерін, энергетикалық нысандар мен әуежайларды салуға және реконструкциялауға қаражат бөлу жоспарда бар.

— 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары аясында 90 млрд доллардан астам инвестиция тарту көзделген. Ал 2026 жылы құрылысқа жалпы қанша қаражат жұмсалады? Бұл қаржыны бөлуде мемлекет, қазақстандық жеке компаниялар және шетелдік инвесторлардың үлесі қандай?

— Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары (ҰИЖ) — еліміздің инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға бағытталған құжат. Осы жоспар аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құзыретіне сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымына қатысты жобалар кіреді.

Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, Ұлттық инфрақұрылым жоспарына тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі үйлестіретін жобаларды іске асыру үшін барлық қаржыландыру көздері есебінен жалпы 830 млрд теңге қажет.

2026 жылға 78,93 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылған. Оның ішінде 23,55 млрд теңге жергілікті бюджет есебінен, ал 55,38 млрд теңге бюджеттен тыс қаражат есебінен бөлінеді.

Жоспардағы жобаларды іске асыру үшін бюджеттен тыс көздерден қаражат тарту көзделіп отыр. Қаржыландыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері, банктердің кредиттері, халықаралық қаржы ұйымдары мен даму институттарының қаражаты, мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген қарыздар, жеке инвестициялар және инвесторлардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Қаржыландырудың нақты көздері мен тетіктері әр жобаның ерекшелігіне қарай айқындалады. Бұл ретте инвестициялық кезеңде тиісті сараптамалар жүргізіліп, қажетті қорытындылар алынуы ескеріледі.

Сонымен қатар, қолданыстағы тарифтердің төмендігі мен бюджет қаражатының шектеулілігі де инвестиция тартуға әсер етеді.

— 2030 жылға дейін Қазақстанда қандай ірі өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр? Қазірдің өзінде ұзақ мерзімді құрылыс кезеңі қалыптасып келе жатыр деп айтуға бола ма, әлде қазіргі өсімге көбіне жекелеген ірі жобалар әсер етіп жатыр ма?

— 2030 жылға дейін Қазақстанда құрылыс саласындағы ауқымды жобалар топтамасын іске асыру жоспарланып отыр. Ең маңызды бағыттарды бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады.

Энергетика және коммуналдық инфрақұрылым. Бұл бағытта энергетикалық нысандарды, инженерлік желілер мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс. Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаға (ЭКСЖ) шамамен 13,6 трлн теңге инвестиция салу көзделген. Одан бөлек, 2030 жылға дейін 5 мың шақырым су құбыры желісін және 2,8 мың шақырым су бұру желісін жаңғырту, сондай-ақ жалпы инвестиция көлемі 1,9 трлн теңге болатын 45 кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жоспарланған.

Тұрғын үй құрылысы. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2023–2029 жылдары 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Үш жылдың қорытындысы бойынша, оның 57,2 млн шаршы метрі пайдалануға берілді. Бұл — жоспардың 51,5%-ы. 2026 жылы 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген.

2030 жылға дейін Қазақстанда өнеркәсіп саласындағы ауқымды жобалар топтамасын іске асыру жоспарланып отыр. Олардың ішіндегі ең маңыздылары — металлургиялық өндіріс қуаттарын дамыту, жаңа химия өндірістерін құру және экономиканың басқа салаларын шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындар ашу.

Атап айтқанда, 2027 жылы Түркістан облысында күкірт қышқылы зауытын, ал Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіптік өнімдер өндіретін кәсіпорындарды пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ Түркістан облысында каустикалық сода мен поливинилхлорид өндіру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Жамбыл облысында жел генераторларының құрамдас бөліктерін өндіру жоспарланған. Ақтөбе облысында этиленаминдер өндіретін зауыт салу, ал Астанада XCMG маркалы жүк автомобильдері мен жол-құрылыс техникасын шығаратын өндірісті іске қосу көзделген. Мұнда автобетонараластырғыштар, автокран-манипуляторлар, автогрейдерлер, фронтальды тиегіштер т. б. өнімдер шығарылады.

2028 жылға Qarmet компаниясының өндірісін кеңейту, Қызылорда облысында Roca Kazakhstan компаниясының сантехникалық бұйымдар өндірісін құру, Түркістан облысында алюминий таспаларын өндіретін зауыт салу, сондай-ақ Абай облысында чиптер мен электрондық құрылғылар өндіру жобалары жоспарланған.

2029 жылы Жамбыл облысында фосфорлы тыңайтқыштар шығаратын химия кешенін, Маңғыстау облысында карбамид зауытын, Ақтөбе облысында катодты мыс өндіретін байыту фабрикасын, Қостанай облысында глинозем өндіретін кәсіпорынды іске қосу көзделген.

2030 жылға жоспарланған ең ұзақ мерзімді металлургиялық жобаларға Қарағанды облысындағы жаңа мыс балқыту зауыты, Павлодар облысындағы болат өндіретін металлургиялық зауыт және жоғары технологиялық болат шығаратын электрометаллургиялық кешен жатады. Сонымен қатар Атырау облысында екі бағытта бағдарланған полипропилен (БОПП) үлдірлері мен басқа да полимерлік бұйымдар өндіру жоспарланып отыр.

2026 жылы іске асырылатын және іске асырылуы жоспарланған жобалар да маңызды. Олардың қатарында Павлодар облысындағы рельс дәнекерлеу кәсіпорны, Алматы облысындағы натрий сульфатын өндіретін өндіріс, Түркістан облысындағы еден жабындарын шығаратын зауыт, сондай-ақ құрылыс және әрлеу материалдарын өндіретін зауыттар бар.

Осылайша, әңгіме жекелеген кәсіпорындарды іске қосумен ғана шектелмейді. Минералдық шикізатты өңдеуден бастап химиялық өнімдер, металдар мен дайын материалдар шығаруға дейінгі тұтас өндірістік бағыттарды дамыту көзделіп отыр. Бұл отандық кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланысты нығайтуға, шикізатты тереңірек өңдеуге және жаңа өндірістік тізбектер қалыптастыруға негіз болады.

Екінші сұраққа келсек, ұзақ мерзімді құрылыс кезеңі қалыптасып келе жатыр деп айтуға негіз бар деп есептеймін. Мұны инфрақұрылымды дамытудың ауқымды жоспарлары, бірнеше жылға арналған жаңғырту бағдарламалары және экономиканың бірнеше саласында жобалардың қатар іске асырылуы көрсетеді.

Сонымен бірге, қазіргі өсімді тек ұзақ мерзімді үрдістермен байланыстыру дұрыс болмас еді. Құрылыс саласының бүгінгі көрсеткіштеріне жекелеген ірі жобалар, жұмыстарды орындау мерзімдері, инвестициялық қаражатты игеру және орындалған жұмыстар актілерін рәсімдеу қарқыны да елеулі әсер етеді.
Сондықтан алдағы кезеңдегі басты міндет — құрылыс кешенінің жұмысын бірқалыпты жүктемемен қамтамасыз ету, жобаларды уақытылы қаржыландыру және аяқталып жатқан нысандардың орнына жаңа жобаларды дайындау. Бұл қазіргі ірі жобалар пайдалануға берілгеннен кейін де саланың тұрақты дамуын сақтауға мүмкіндік береді.

Сәулет және қала құрылысы саласында ірі нысандарды бас жоспарлармен, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен және инженерлік әрі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жоспарларымен үйлестіре орналастыру басымдыққа ие. 2030 жылға дейін мынадай маңызды жобаларды іске асыру көзделген:

  • Атырау облысындағы Silleno полиэтилен зауыты — жылына 1,25 млн тонна өнім өндіреді. Инвестиция көлемі шамамен 7,4 млрд доллар. Жобаны 2029 жылы аяқтау жоспарланған.
  • Қашағандағы газ өңдеу зауыты — жылына 1 млрд текше метр газ өңдейді. Инвестиция көлемі — 491,9 млрд теңге. Пайдалануға беру мерзімі — 2026 жыл.
  • Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты. Инвестиция көлемі — 167,7 млрд теңге. Пайдалануға беру мерзімі — 2027 жыл.

Бұдан бөлек, жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа 2 трлн теңгеден астам қаражат бөлінген.
Әлеуметтік салада мектептер мен медициналық мекемелерді, сумен жабдықтау және су бұру нысандарын салу және жаңғырту көзделген.
Қала құрылысы саласындағы басты міндет — бұл нысандардың халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету және оларды пайдалануға беру мерзімдерін тұрғын аудандардың даму қарқынымен үйлестіру.

Фото: ЭКСЖ ұлттық жобасын жүзеге асыру

— Ірі құрылыс жобаларының құны қалай бақыланады және құрылыс құнының қымбаттауына кім жауап береді? Жобалар бойынша жоспардан тыс шығындар туралы ақпарат қаншалықты ашық?

— Құрылыс құны сметалық нормативтік құжаттар негізінде айқындалады. Оның құны жобалау, сараптамадан өткізу және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезеңдерінде бақыланады. Баға белгілеуге қатысты мемлекеттік нормативтерді министрлік сметалық бағаларды бақылау, есептеу және жинақтарын қалыптастыру арқылы әзірлеп, бекітеді.

Құрылыс құнының өсуіне кім жауап беретіні оның қымбаттау себептеріне байланысты. Егер құрылыс құнының өсуіне жұмыстардың мерзімінде орындалмауы немесе құрылыс барысында анықталған ақаулар мен жобалық талаптардың бұзылуы себеп болса, жауапкершілік мердігерге жүктеледі.

Ақпараттың ашықтығына келсек, мемлекет қатысатын жобалар туралы мәліметтер барынша ашық жарияланады. Барлық шарттар, орындалған жұмыстар актілері және келісімшарт сомасын ұлғайтуға қатысты қосымша келісімдер мемлекеттік сатып алу жүйесінде жарияланады.

Сонымен қатар, құрылыс құнының негізсіз өсу жағдайлары мемлекеттік аудит органдарының есептерінде тұрақты түрде тіркеледі. Бұл есептер қоғам үшін ашық.

— Коммуналдық желілерді жаңғырту жұмыстары тұрғын үй мен өнеркәсіптік нысандар құрылысының қарқынына ілесе алып отыр ма? Жүктеменің артуы жағдайында қуат тапшылығы мен апаттардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

— Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, елді мекендердің аумақтарын дамыту және құрылыс салу елді мекендердің бас жоспарлары негізінде жүзеге асырылады.

Бас жоспарда елді мекен аумағын дамытудың негізгі бағыттары айқындалады. Олардың қатарында әлеуметтік, рекреациялық, өндірістік, көлік және инженерлік инфрақұрылым бар. Бұл ретте, аумаққа кешенді баға беру, табиғи-климаттық және экологиялық ерекшеліктер, қалыптасқан және болжамды демографиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар ескеріледі.
Бас жоспар 20 жылға дейінгі мерзімге әзірленеді. Ал онда көзделген жобалық ұсыныстарды іске асырудың бірінші кезеңі бес жылды қамтиды.

Біздің министрлік өз құзыреті шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша жұмыс жүргізеді. Жалпы, сумен жабдықтау және су бұру нысандарын жобалау мен салу кезінде елді мекендердің бекітілген бас жоспарлары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары (ЕЖЖ), сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар әзірлейтін инженерлік инфрақұрылымды дамытудың бас схемалары ескеріледі.

Мысалы, Астана қаласының даму қарқынын ескерсек, сумен жабдықтаудың жаңа көздерін салу жобасы іске асырылмаған жағдайда, 2028 жылға қарай су тапшылығы туындауы мүмкін. Осыған байланысты қазіргі уақытта Қ. Сәтбаев атындағы арнадан су жеткізетін су құбырымен бірге № 4 сорғы-сүзгі станциясын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның қуаты — тәулігіне 210 мың текше метр.

Осындай жұмыстар еліміздің барлық елді мекендерінде жүргізіліп жатыр.
Жүктеменің артуы жағдайында туындайтын апаттар мәселесіне келсек, бұл мәселе энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында шешіледі. 2030 жылға дейін ұлттық жоба бойынша 5 мың шақырым су құбыры желісін, 2,8 мың шақырым су бұру желісін жаңғырту, сондай-ақ 45 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңарту жоспарланған. Бұл жұмыстарға жалпы 1,9 трлн теңге инвестиция салу көзделген.

Нәтижесінде 2030 жылға қарай су құбыры желілерінің тозу деңгейін 38%-дан 33%-ға дейін, ал су бұру желілерінің тозуын 54%-дан 41%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Жалпы, Үкімет барлық нысанды қажетті инфрақұрылыммен уақытылы қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр.

Фото: ЭКСЖ ұлттық жобасын жүзеге асыру

— Қазақстан құрылыс материалдарымен ішкі сұранысты қаншалықты қамтамасыз етіп отыр? Отандық нарықты дамыту және импортқа тәуелділікті азайту үшін қандай жаңа өндірістерді іске қосу жоспарланған?

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша, құрылыс материалдары нарығындағы отандық өндірушілердің үлесі 71,3%-ға жетті. Бұл — соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. 2021-2025 жылдар аралығында отандық өнімнің үлесі 8 пайыздық тармаққа өсті.

Бүгінде Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіретін 3 186 кәсіпорын жұмыс істейді. Негізгі құрылыс материалдарының бірқатары бойынша ішкі сұраныс толығымен отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіледі. Олардың қатарында портландцемент, тауарлық бетон, гипс, құрылыс ерітінділері және гипсокартон бар.

Цемент өндірісін жеке атап өткен жөн. 2025 жылы цемент өндіру көлемі рекордтық 14,4 млн тоннаға жетті, ал отандық өндірушілердің үлесі 92,2% болды.

Қазіргі уақытта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі отандық өндірісті дамыту және импортқа тәуелділікті азайту мақсатында қазақстандық және шетелдік инвесторларды тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын кеңейту және оларды жаңғырту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Әсіресе ішкі нарықта әлі де шетелдік өнімге тәуелділік сақталып отырған құрылыс материалдарының түрлеріне баса назар аударылады. Мәселен, Түркістан облысында инвестиция көлемі 1,2 млрд теңге болатын ламинат өндіру жобасы іске асырылды. Кәсіпорын айына 100 мың шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. Бұл — еден жабындары сегментіндегі импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған жобалардың бірі.

Осындай жұмыстар құрылыс материалдарының басқа түрлері бойынша да жүргізіліп келеді. Бұл ретте, шетелдік инвесторлармен ынтымақтастық маңызды рөл атқарады.

Атап айтқанда, Испанияның ірі Roca компаниясы Қызылорда облысында Қазақстандағы алғашқы санитарлық керамика бұйымдарын өндіретін зауыттың құрылысын бастады. Бұл жоба отандық санитарлық керамика өндірісін дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастықтың маңызды үлгісі болмақ.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысында еліміздегі алғашқы ағаш жаңқалы және ламинацияланған ағаш жаңқалы тақталар (АЖТ және ЛАЖТ) өндіретін зауыт салу жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, 2026 жылы жаңа өндірістер ашуды, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын кеңейтуді және жаңғыртуды қамтитын шамамен 46 жобаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Инвестициялардың жалпы көлемі — 204,5 млрд теңге. Нәтижесінде 3,3 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген.

— Мемлекет басшысы елімізде инфрақұрылымды ауқымды түрде дамыту барысында құрылыс сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажеттігін де атап өтіп, бұл мәселені жеке бақылауында ұстайтынын мәлімдеген еді. Осыған байланысты пайдалануға берілген нысандардың сапасы қалай бағаланады? Ғимарат тапсырылғаннан кейін анықталған ақаулар мен заңбұзушылықтар үшін кім жауап береді?

— Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға сәйкес, нысандардың сапасы бірнеше тетік арқылы қамтамасыз етіледі. Олардың қатарында лицензиялау, жобалау құжаттамасына сараптама жүргізу, сәулет-құрылыс бақылауы, авторлық сүйемелдеу, техникалық қадағалау, сондай-ақ құрылысы аяқталған нысандарды пайдалануға қабылдауды ұйымдастыру бар.

Бұған қоса, жобалау және құрылыс барысында қолданылатын өнімдерге, соның ішінде құрылыс материалдарына қатысты стандарттау құжаттары, сынақ зертханаларын (орталықтарын) аккредиттеу, құрылыс өнімдерін сертификаттау және құрылыс нысандарының сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін паспорттау шаралары қолданылады.

Нысандарды жобалау кезінде олардың бүкіл өмірлік циклі бойында адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға төнуі мүмкін барлық тәуекел анықталып, ескерілуге тиіс. Бұған қалыпты пайдалану кезіндегі жағдайлармен қатар төтенше жағдайлар, құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында болуы ықтимал бұзушылықтар және құрылыс талаптарының сақталмауынан туындайтын қауіптер де кіреді.

Құрылыс жобалары міндетті сараптамадан өтеді. Сарапшылар жобалық шешімдердің құрылыс саласындағы заңнама мен мемлекеттік нормативтер талаптарына сәйкестігін бағалайды.

Құрылыс сапасы барлық кезеңде бақыланады. Бұл жұмысқа мердігер, техникалық қадағалау және авторлық сүйемелдеу қызметтері қатысады. Сонымен қатар мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы жүзеге асырылады. Тексерулер Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

Мердігер құрылыс сапасына өндірістік бақылау жүргізеді, жұмыстарды бекітілген жобалық құжаттама мен нормативтік талаптарға сәйкес орындайды және анықталған кемшіліктерді уақтылы жоюға міндетті.

Техникалық қадағалау қызметі мердігердің белгіленген талаптарды сақтауын бақылайды және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына күнделікті, үздіксіз бақылау жүргізеді.

Авторлық сүйемелдеу қызметі құрылыс барысында жобалық шешімдердің сақталуын қадағалайды.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы органдары құрылыс саласындағы заңнама талаптарының орындалуына мемлекеттік бақылау жүргізеді. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда заңнамада көзделген ден қою шаралары қолданылады.

Мемлекеттік бақылау функциясы жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Олардың құрамындағы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдары (ГАСК) нысандарға бару арқылы немесе бармай-ақ жоспардан тыс тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізеді. Қажет болған жағдайда құрылысты тоқтата тұру, тиісті рұқсаттардың күшін тоқтату және басқа да жедел шаралар қолданылады.

Биыл 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексі күшіне енді. Оның негізгі жаңалықтарының бірі — құрылыс процесінің барлық кезеңін цифрландыру және нысандарды пайдалануға қабылдау кезеңінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдарының қатысуын қамтамасыз ету.

Құрылысқа қатысушылардың жауапкершілігі де күшейтілді: кепілдік міндеттемелерінің мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды. Ал негізгі конструкциялық элементтерге, атап айтқанда көтергіш конструкцияларға, шатырға және ғимараттардың сыртқы қабырғаларына (қасбеттеріне) қатысты кепілдік мерзімі 10 жылға дейін ұлғайтылды.

— Алдағы бес жылда құрылыс саласына қанша маман қажет болады? Қандай кадрлар тапшы?

— 2026–2030 жылдарға арналған орта мерзімді болжам бойынша құрылыс саласына 67 мың маман қажет болады.

Құрылыс саласында ең сұранысқа ие мамандықтар: құрылыс бөлімшелерінің басшылары, құрылыс-монтаждау бригадирлері, сылақшылар, сырлаушылар, ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін әрлеуші мамандар, тас қалаушылар және осыған ұқсас кәсіп иелері.

Тапшылық байқалатын мамандардың қатарында инженер-механиктер, сәулетшілер мен жобалаушылар, геодезистер мен картографтар, механик-техниктер, электроника техниктері, құрылыс жұмыстарының инспекторлары, сапаны бақылау және еңбекті қорғау мамандары, сондай-ақ құрылыс-монтаждау және әрлеу жұмыстары бригадирлері бар.

Осылайша, алдағы бес жылда Қазақстанның құрылыс саласына шамамен 67 мың қызметкер қажет болады.

Фото: Руслан Мухамедьяров / Kazinform

— Елімізде тұрғын үй тапшылығының нақты көлемі қандай? Халық санының өсуі мен көші-қонды ескере отырып, тұрғын үйге деген қажеттілік қалай есептеледі?

— Тұрғын үй саласын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып белгіленген. Соңғы жеті жылда баспананың қолжетімділігін арттыруға, тұрғын үй құрылысын ұлғайтуға, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және азаматтарды мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілді.

2019-2025 жылдар аралығында Қазақстанда 118 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 944 мыңнан астам қазақстандық отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 20,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл — еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жоспарлы көрсеткіштер үшінші жыл қатарынан асыра орындалып келеді.

Биыл тұрғын үйді пайдалануға берудің болжамды көлемі — 20,4 млн шаршы метр. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 13,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Бүгінде еліміз бойынша тұрғын үй кезегінде 846 мыңнан астам адам тұр. Олардың шамамен 381 мыңы әлеуметтік осал топтарға жатады.
Азаматтардың баспанаға қолжетімділігін арттыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Олардың қатарында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған жалға берілетін тұрғын үй сатып алу, жеңілдетілген ипотекалық несие беру, тұрғын үй сертификаттарын ұсыну және жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау бар.

Осылайша, мемлекеттік қолдау шаралары азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға және белгіленген кезектілік тәртібіне сәйкес баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.

— 2030 жылы құрылыс қарқынының нәтижесін қандай көрсеткіштер арқылы бағалауға болады? Жаңа үйлер мен жолдардың салынуынан бөлек, оның игілігін қарапайым қазақстандықтар қалай сезінеді?

— Менің ойымша, құрылыс қарқынының нәтижесін тек салынған тұрғын үйдің шаршы метрімен, төселген жолдың шақырымымен немесе игерілген инвестиция көлемімен бағалау жеткіліксіз. Ең басты өлшем — адамдардың өмір сүру сапасының қаншалықты жақсарғаны.

Біріншіден, бұл — тұрғын үйдің қолжетімділігі. Қазақстандық отбасылардың көбірек бөлігі өз баспанасын сатып алу мүмкіндігіне ие болуы керек. Сонымен қатар, жаңа тұрғын аудандар қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуге тиіс.

Екіншіден, коммуналдық қызметтердің сапасы. Жылу желілеріндегі апаттар азайып, сумен жабдықтау жақсарып, электрмен жабдықтаудың сенімділігі артуы қажет. Мұндай өзгерістер халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.

Үшіншіден, әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымының қолжетімділігі маңызды. Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен жолдар жолға кететін уақытты қысқартып, медициналық және білім беру қызметтеріне қолжетімділікті арттыруға, өңірлерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасауға тиіс.

Түптеп келгенде, азамат жаңа үйге немесе жолға ғана емес, өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз ортаға қол жеткізуі керек. Бұл — тұрақты коммуналдық қызметтер, қолжетімді әлеуметтік нысандар және үй маңындағы дамыған инфрақұрылым.

Сондықтан қанша нысан салынғанын ғана емес, олардың қаншалықты сұранысқа ие екенін, сапалы жұмыс істейтінін және халыққа нақты пайда әкелетінін де бағалау маңызды. Еліміздің құрылыс саласындағы дамуының табыстылығын айқындайтын басты өлшем — осы.

Айта кетейік, бұған дейін Президент ауқымды құрылыс жобаларын мұқият іріктеп, қатаң бақылау қажеттігін мәлімдеген еді.

Сонымен бірге, Олжас Бектенов Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» азаматтардың әл-ауқатының артуына серпін беретінін айтты.