Қазіргі уақытта Uzatom агеттінінің ғимаратында МАГАТЭ қызметкерлерімен кездесу өтіп жатыр. Онда алғаш болып сөз алған Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің директоры Азим Ахмедхаджаев жауапты ведомство және озге де органдар өз әлеуетін нығайтып келе жатқанын атап өтті.
— Кадр даярлау Мәскеу инженерлік-физикалық институтының Ташкент филиалында жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта онда ядролық энергетика, ядролық технологиялар, жылу және электр энергетикасы бағыты бойынша 250 студент білім алып жатыр. Бұдан бөлек, 2026 жылдан бастап ядролық физика және технологиялар бойынша магистрлік бағдарлама іске қосылады. 2023–2025 жылдар аралығында филиал 160 маман даярлап шығарды. Биыл тағы 74 түлек оқуын тәмамдайды, — деді Азим Ахмедхаджаев.
Ол сондай-ақ, АЭС жобасының экологияға әсерін бағалау және жұртшылықпен жұмыс жүргізуге ерекше назар аударылып жатқанын атап өтті. Былтыр 23 желтоқсанда Жизақ облысына қарасты Фариш ауданының Богдан кентінде қоғамдық тыңдау өтті.
— Қатысушыларға жоба жан-жақты таныстырылды. Сонымен қатар ядролық отын мен радиоактивті қалдықтарды пайдалану, оларды залалсыздандыру тәсілдері туралы ақпарат берілді. Қоғамдық тыңдау нәтижесінде АЭС-ті салу жобасы тұрғындар тарапынан қолдауға ие болды, — деп жұмыстардың нәтижесін баяндады Азим Ахмедхаджаев.
Осы ретте Uzatom басшысы МАГАТЭ миссиясының Өзбекстанға сапары жобаның келесі кезеңге өтуіне және ұлттық ядролық инфрақұрылымды дамытудың басымдықтарын айқындауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалады.
Өз кезегінде МАГАТЭ өкілі Джон Хаддад бұл — миссияның екінші кезеңі екеніне тоқталды. Ұйым мамандары алғаш рет Өзбекстанға 2021 жылы келіп, республиканың АЭС құрылысына дайындық барысын бақылаған еді.
— МАГАТЭ қызметкерлері мен халықаралық сарапшылардан құралған біздің топ серіктестерімізбен сындарлы диалог жүргізіп, құжаттарды зерделемек. Кейін түрлі бағыттар бойынша талқылау өткіземіз. Осы миссияға дайындық аясында атқарылған ауқымды жұмыс үшін Uzatom агенттігінің ұжымына және басқа да мемлекеттік органдарына алғысымды білдіремін. Бұл миссияны тек техникалық шолу емес, сонымен қатар өзара тәжірибе алмасу мен ынтымақтастыққа арналған алаң деп санаймын, — деді Джон Хаддад.
Еске салайық, таяуда Өзбекстанда АЭС құрылысы ресми түрде басталды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда салынатын АЭС-тің құны 9,5 млрд доллардан аспайды.
Қоса кетсек, Өзбекстанда салынатын АЭС елдің үш өңірін электр қуатымен қамтамасыз етеді.