АҚШ делегациясының екі ұшағы Исламабадқа қонды

АСТАНА. KAZINFORM — Исламабадта АҚШ-тың «алдын ала тобы» бар екі ұшақ қонды. Бұл топ АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің екінші раундына қатысады, деп хабарлады Пәкістан билігінің өкілдері Анадолы агенттігіне.

Фото: Анадолы

Екі ел делегациялары арасындағы негізгі келіссөздер дүйсенбі, 20 сәуір күні Пәкістанда өтеді деп күтіледі.

Ресми тұлғалар Вашингтоннан келген алдын ала топ мінген екі ұшақтың Пәкістан астанасына қонғанын растады.

Сонымен қатар Geo News телеарнасының хабарлауынша, Исламабад полициясы АҚШ–Иран келіссөздерінің екінші кезеңіне байланысты қауіпсіздік шараларын күшейткенін мәлімдеді.

Бұған дейін Пәкістан үкіметтік дереккөздері «Анадолы» агенттігіне АҚШ пен Иран делегацияларының дүйсенбі күні Исламабадта кездесу ықтималдығы жоғары екенін хабарлаған болатын.

Еске салсақ, сәуірдің басында Иран делегациясы АҚШ-пен ықтимал келіссөздерге қатысу үшін Исламабад қаласына барғаны белгілі болды.

Сондай-ақ, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс 10 сәуір күні Пәкістанға ұшып кеткені де айтылды.

Өз кезегінде Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің сәтті өтуі үшін елінің барлық мүмкіндікті қолданатынын мәлімдеді.

Алайда Иран мен АҚШ Пәкістандағы келіссөздерде соғысты тоқтату туралы келісімге келе алмады.