Ақтөбеде оқу ақысын бірден 93% көтерген колледж директоры шешімін өзгертті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Колледж директоры Талғат Мустекенов әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы мәлімдеме жасады. Ол шешімін өзгерткенін айтты. Биыл оқу ақысы көтерілмейді.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласындағы жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжінің директоры оқытушылардың жалақысы көтерілгенін айтты. Сәйкесінде оқы ақысы өскен. Алайда студенттер мен ата-аналардың шағымынан соң шешімін өзгертті.

- 2026-2027 оқу жылдарындағы барлық шығын ескерілді. Оқытушылардың жалақысының көтерілуіне байланысты оқу ақысын өскен болатын. Шығынды басқа қаражат көзін қарастырып, оқу ақысын көтермеу туралы шешім қабылдадық,- деді жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжінің директоры Талғат Мустекенов.

Еске салсақ, дүйсенбі күні колледждің студенттері мен ата-аналар оқу ақысының бірден 200 000 теңгеге өскенін айтып, тілшілер арқылы шағымын жеткізді.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы колледждегі оқу ақысының көтерілуіне қатысты түсініктеме берді. Басқарманың хабарлауынша, жеке оқу орнында мемлекеттік тапсырыс жоқ, сәйкесінше мұндағы оқу ақысына араласу мүмкін емес болған.