Ақтөбе облыстық білім басқармасы колледждегі оқу ақысының көтерілуіне қатысты түсініктеме берді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Басқарма жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжіннің мәліметіне сүйеніп, ақпарат таратты. Жеке оқу орнында мемлекеттік тапсырыс жоқ, сәйкесінше мұндағы оқу ақысына араласу мүмкін емес.
Ақтөбе қаласындағы Жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжіннің студенттері мен ата-аналары оқу ақысының бірден 93% көтерілгенін айтып, наразылығын білдірді. Бұл оқиғадан кейін Ақтөбе облыстық білім басқармасы жеке оқу орнының ішкі жұмысына араласа алмайтынын, алайда бәрі заңға сай реттелуі тиіс екенін хабарлады.
- ҚР«Білім туралы» Заңының 63-бабына сәйкес ақылы білім беру қызметтерін көрсететін білім беру ұйымы мен білім алушы немесе оның заңды өкілі арасындағы өзара қарым-қатынастар білім беру қызметтерін көрсету туралы шартпен реттеледі. Осы мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында Ақтөбе облысының білім басқармасы «Болашақ» жоғары көпсалалы колледжінің басшылығынан тиісті ақпарат сұратты. Айта кету қажет, аталған колледжде мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылмайды. Колледж директорының қызметтік түсіндірме жазбасына сәйкес, оқу ақысының көтерілуіне наразылық білдірген студенттермен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Кездесулер барысында студенттерге оқу ақысының өсуіне экономикалық жағдайдың өзгеруі, коммуналдық қызметтер тарифінің өсуі, сондай-ақ оқытушылардың еңбекақысын төлеуге жұмсалатын шығындардың артуы себеп болды деп түсіндірген. Колледж басшылығының ақпараты бойынша, оқу ақысы білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттың 3.8-тармақшасына сәйкес көтерілген. Мамандыққа байланысты оқу ақысының өсуі 30–50 пайызды құраған,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқамасының баспасөз қызметі.
Басқарма таратқан ақпаратқа сүйенсек, колледж директоры әлеуметтік қолдауды қажет ететін студенттерге ерекше назар аударылатынын атап өткен. Яғни көпбалалы, толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан студенттерге жеңілдік қарастырылған. Сонымен бірге ерекше баласы бар отбасына жеңілдік беріледі.
Еске салсақ, Жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжінде оқу ақысы бірден 200 000 теңгеге көтерілді. Бұрын 450 000 теңге төлеп жүрген студенттер енді 650 000 теңге төлеуге қарсы. Кеше ата-аналар мен студенттер колледжге жиналып, шағымын жеткізді.