Алматы облысында орташа жылдамдық ережесін бұзудың қанша дерегі тіркелді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Биыл Алматы облысының республикалық жолдарында орташа жылдамдық жүйесі енгізілді.

Фото: Видеодан алынған кадр

2026 жылы ақпан айында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі Үлкен Алматы айналма автомобиль жолында енгізілді. Кейін бұл жүйе өңірдің өзге автожолдарында іске қосылды.

Kazinform агенттігі Алматы облысының полиция департаментіне сауал жолдап, жыл басында орнатылған жаңа камералар орташа жылдамдық ережелерін бұзу деректерін қаншалықты жиі тіркелетінін сұрады. Департамент жауабына сәйкес, орташа жылдамдық режимі мен оны анықтайтын автоматты бейнебақылау камералары — жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру, өрескел құқық бұзушылықтардың алдын алу және өңір автожолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орнатылған.

Жалпы автоматты жүйелер іске қосылған сәттен бастап қазірге дейін 23 624 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған.

Оның ішінде:

— «Алматы-Бішкек» автожолында 10 202 құқық бұзушылық;
— Үлкен Алматы айналма автомобиль жолында 13 422 құқық бұзушылық тіркелді.

— Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолдардағы ауыр зардаптардың алдын алу, — деп атап өтті департаменттен.

Еске салайық, елімізде камералар 2024 жылдың 4 желтоқсанынан бастап орташа жылдамдықты тіркей бастады.

Былтыр орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізгеннен кейін жол-көлік оқиғалары 8%-ға азайғаны хабарланды.

Биыл тағы 1,5 мың шақырым жолда орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында «Қызылорда — Арал», «Қостанай — Троицк», «Ақтөбе — Орынбор», «Балқаш — Бурылбайтал», Тараз қаласы айналма жолы, «Қостанай — Денисовка», «Шу — Бурылбайтал», «Қандыағаш — Мақат» жолдары бар.