Алматыда 45 мың орындық стадионның құрылысы қалай жүріп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда УЕФА талаптарына сай 45 мың орындық стадион салынып жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, жаңа алаң Құлжа және Талғар тас жолдарының арасында бой көтереді. Жобаны іске асыруға бөлінген аумақтың жалпы көлемі шамамен 32 гектар.

— Қазір нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоба заманауи спорт инфрақұрылымына қойылатын талаптарға сәйкес жүзеге асырылып, түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған толыққанды спорт кешенін қалыптастыруды көздейді, — деді Нұрбол Нұрсағатов.

Ведомство басшысы жаңа стадион УЕФА-ның IV санаттағы талабына толық сай болатынын атап өтті. Бұл халықаралық деңгейдегі футбол матчтары мен ірі спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік бермек.

Жоба аясында негізгі футбол аренасымен қатар жаттығу алаңдары, спортшылар мен командаларға арналған заманауи инфрақұрылым, жанкүйерлерге арналған аймақ, қауіпсіздік жүйелері және іргелес аумақты кешенді көріктендіру жұмыстары қарастырылған.

— Нысанның көлік қолжетімділігіне де ерекше назар аударылған. Қаладағы негізгі көшелердің бойында орналасуы стадионды Алматының көлік жүйесіне тиімді кіріктіруге мүмкіндік береді, — деп атап өтті ол.

Стадионның құрылыс жұмыстарын 2028 жылдың наурызында аяқтау жоспарланған.

Еске салайық, бастапқыда Алматыда 35 мың орындық жаңа стадион салынатыны хабарланған.

Алайда кейін Алматы әкімі стадионның сыйымдылығы 45 мыңға ұлғайтылатынын айтты.