Алматыда оқушылары жаппай уланғаннан кейін РФММ директоры ауысты

АЛМАТЫ.KAZINFORM - Республикалық физика-математика мектебінің Алматы филиалының директоры ауысты.

Фото: freepik.com

Директор қызметіне Алмаз Күнғожин келді. Ол «Математика» мамандығы бойынша PhD докторы.

Күнғожин 2018–2023 жылдары мектепті басқарған. Әр жылдары РФММ-да мұғалім, математика пәнінен олимпиадаға дайындау бойынша жаттықтырушы, директордың бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап «РФММ» КеАҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Сондай-ақ бұған дейін РФММ-да білім алған.

Ал Мейірбек Мейірлан Едігерұлы директор қызметіндегі жұмысын аяқтады.

Мейірбек Мейірлан Едігерұлы да Алматы қаласындағы Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінің түлегі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірген. Екінші жоғары білімін «математика және информатика мұғалімі» мамандығы бойынша алған.

Ол бұған дейін Астана қаласындағы «РФММ» филиалы директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары және математика мұғалімі болып қызмет атқарды.

Еске салайық, 14 қазанда РФММ-нің 48 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды.

Кейін РФММ әкімшілігі оқушылардың ауруханаға түсуіне байланысты түсінік берді. 14–16 қазан аралығында мектеп сабақтары онлайн форматта өтті.

Сондай-ақ аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды.

Кейін ауруханаға түскен оқушылардың саны артты.

22 қазанда Алматыда уланған РФММ оқушыларының барлығы емханадан шығарылды.

Сонымен қатар мектеп қызметкерлерінен стафилококк бактериясы анықталған еді.