Алматыда өрт шыққан балалар үйін жөндеу үш айда аяқталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматыдағы «Перзент» балалар үйіндегі өрттен кейін тәрбиеленушілердің жағдайымен танысты.
— Кеше өрт болған «Перзент» қайырымдылық қорының ғимаратында тұратын балаларды барып көрдім. Қазір оларды санаторий ғимаратына орналастырған, барлық қажетті жағдай жасалған. Балалармен сөйлесіп, оларға ойыншықтар жеткізуді сұрадым. Барлығы ас ішіп отырды, — деп жазды ол.
Зәкиеваның айтуынша, қазір балалар үйінде 29 бала бар, ал алтауын ата-аналары алып кеткен.
Бірнеше күн ішінде тәрбиеленушілерді қордың басқа ғимаратына көшіру жоспарланып отыр. Ол ғимарат қазір мектепке жақын болу үшін арнайы дайындалып жатыр.
— Өрт болған ғимараттағы жөндеу жұмыстары үш ай ішінде аяқталады, — деді балалар омбудсмені.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Наурызбай ауданы Алтын орда көшесі бойында орналасқан жекеменшік балалар үйінде өрт шыққанын хабарлағанбыз.
Алматы қаласы ТЖД мәліметінше, балалар үйі ауласындағы асхана ғимараты жанған. Ғимаратта адамдар болмаған.
Төтенше жағдайлар министрлігі кейінірек 1000 шаршы метр аумақты шарпыған жалынның сөндірілгенін мәлімдеді.
Мекемеде болған 35 тәрбиеленуші мен қызметкерлер уақытша сауықтыру санаторийіне орналастырылғаны белгілі болды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Алматыдағы балалар үйіндегі өртке қатысты түсінік берді.