Жер сілкінісі 28 қыркүйек сағат 09:38-де тіркелді. Жерасты дүмпулерінің күші Алматыда 3–4 балл болды.
Жер сілкінісінен кейін ТЖМ Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының комиссиясы геофизикалық, сейсмологиялық, гидрохимиялық, гидродинамикалық және басқа да бақылаулардың деректерін талдады.
Мамандардың айтуынша, бұл жер сілкінісі аймақтағы қалыпты сейсмикалық белсенділік аясында болған.
— Алматы болжамдық полигонындағы қазіргі сейсмикалық жағдай тұрақты деп бағаланды. Комиссияның қазіргі бағалауына сәйкес, Алматы болжамдық полигоны аумағында жойқын жер сілкінісін күтуге негіз жоқ, — деп хабарлады ТЖМ.
Сонымен қатар орталық сейсмикалық жағдайды бақылау жалғасып жатқанын атап өтті. Мамандар деректерді тұрақты түрде талдап жатыр.
Бұған дейін ТЖМ жер сілкінісінен кейін «Қазселденқорғау» мамандары өзен арналары, гидротехникалық құрылыстар, көшкін және сел қаупі бар учаскелер, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын тексергенін хабарлаған еді. Зақымдану фактілері анықталған жоқ. Қирау немесе зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Еске салсақ, Алматыда жер сілкінісінің күші 4 балға жуықтағаны хабарланды.
Алматы ТЖД жер сілкінісіне қатысты мәлімдеме жасап, жағдай бақылауда екенін айтты.