Атырау облысындағы бір ауданда төтенше жағдай жарияланды

Фото: Фото: Қызылқоға аудандық әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысынлағы Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылына Ойыл өзенінен тасқын су кіру қаупі туындады. Осыған байланысты төтенше жағдай жарияланып, ауыл тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруге шешім қабылданды. 

Қызылқоға ауданы әкімдігінің мәліметінше, тұрғындарды қабылдау үшін Миялы ауылындағы Ы.Шөреков атындағы орта мектеп-гимназия, Х.Досмұхамедов атындағы орта мектеп пен «Нұр-Шуақ» балабақшасы дайын тұр.

«Тұрғындардан аудан әкімдігі, «Арман» мәдениет үйі мен «Жаңа арна» мекемесінің ғимаратына жиналу сұралады. Бірінші кезекте әйелдер, балалар, науқас адамдар, I, II, III- топтағы мүгедектер көшіріледі», - деп хабарлады аудандық әкімдіктен. 

Фото: Қызылқоға аудандық әкімдігі

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының қанша елді мекеніне тасқын су қаупі төнетінін хабарлаған едік. 

Кейін Атырау облысында су тасқынына байланысты 190-нан астам қабылдау бекеті дайындалғанын жазған болатынбыз. 

Атырау облысындағы су басу қаупі бар аумақтар мен жолдағы су өткізетін құбыр мен көпірлер тексерілді. 

Сондай-ақ Қызылқоға ауданында бірнеше ауылдың тұрғындары қайықпен қатынайтынын хабарлаған едік.