Сотта айыпталушы мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тараптың сұрақтарына жауап беруден бас тартатынын, алайда судья мен өзінің адвокаты қойған сұрақтарға жауап беруге дайын екенін жеткізді.
Сұлтан Сарсемалиевтің айтуынша, бұрынғы жұбайының туыстарымен арадағы ұзақ жылдарға созылған түсініспеушілік пен жанжал отбасының бұзылуына алып келген. Ол қайын енесі тарапынан қысым болғанын және отбасы ішіндегі даулар кейіннен ушыққанын айтты.
- Барлық қылмысты саналы түрде жасадым. Олар үшін жауап беруге дайынмын. Ұзақ уақыт бойы ішімде жиналған ашу мен кектің қорытындысы деп есептеймін. Ең негізгі себебі – әйелімнің отбасының 5 балама және шаңырағыма араласуы, - деді күдікті.
Айыпталушы сотта 2024 жылы болған оқиғаларға да тоқталып, сол кезеңде ашу-ызаның күшейгенін, эмоциялық күйзеліс жағдайына түскенін мәлімдеді. Сонымен бірге ол кейбір әрекеттерін өзін-өзі қорғау уәжімен түсіндіруге тырысты.
- 2022 жылдан 2025 жылға дейін Атырау қаласында тұрдық. Сол кезде қайынжұртым біздің отбасыма шектен тыс араласып бастады. Өздерінің дегендерімен жүргізгісі келді. Шектен тыс қаржыландырғанын, шектен тыс көмектескенін мойындаймын. Көмектен бас тартсам да «жоқ» деп, мені адам құрлы көрмей, ақша беріп отырды, - деді сотта күдікті Сұлтан Сарсемалиев.
Айыпталушы қылмыстан кейінгі әрекеттерін де сипаттап, жоспарланған қадамдар болғанын және кейін елден тыс жерге кеткенін растады. Әйелінің әке-шешесі мен бауырларын өлтіргеннен кейін Меккеге барып келгенін айтты. Ол сол жақта өзіне қол жұмсағасы келген. Дегенмен бірнеше күннен кейін анасы хабарласып, Ақбаянның жағдайы нашарлап жатқанынан хабардар етіпті. Содан кейін күдікті ойынан қайтып, елге оралған.
Бұған дейінгі сот отырысында Сұлтан Сарсемалиевтің тергеу кезіндегі видеосы көрсетілді. Онда ол қылмысты жасыруға шешім қабылдағанын және қайынапасының жағдайына алаңдамағанын айтқан.
Сондай-ақ Ақбаян Мұқанғалиеваның тергеу кезінде не айтқаны белгілі болған.
Жалпы сотта күдіктінің енесінің алтындарын ломбардқа өткізгені көрсетілді.
Жангелдин ауылында бақташы марқұмдардың малын күніне 3 мың теңгеге баққан.
Өткен сот отырыстарының бірінде Атырау қаласында екі мүрде табылған үйдің иесіне жалдау ақысы бейтаныс адамнан түсіп отырғаны белгілі болды.
Жалпы сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің 2 адвокаты болған. Қазір Сұлтан Сарсемалиевті біреуі қорғап жатыр. Адвокат Асан Жұмабаев сотталушыны қазір кінәлі деп айтуға ерте екенін мәлімдеген еді.
Күдікті 2024 жылы кәсіпкерлік нысандардың біріне жалдамалы жұмысшы болып, жер қазып, қоқыс шығарған. Сұлтан мен жұмыс берген кәсіпкер бір ықшамауданда тұрған. Ара тұра бір-бірін көргеннен кейін аға-іні болып араласқан. Куә сол кезде Сұлтан Сарсемалиевтің қара жұмысқа икемді, қолы машықтанған, жерді жалғыз өзі қазатын қайратты екенін айтқан.
Айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді.
Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты.
Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес (екі және одан да көп адамды өлтіру), сондай-ақ мал сату, карталарды жымқыру деректері бойынша осы кодекстің 188 және 190 баптары аясында қылмыстық іс қозғалған еді.
Тергеу барысында Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған.
Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Ал. Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды.
Марқұмдардың қызы мен бауыры деп есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.
Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені белгілі болды.
Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.