Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тасқын судың салдарынан аудан орталығы – Миялы ауылынан 500 метр қашықтықтан өтетін «Сағыз-Миялы-Қарабау-Индер» бағытындағы айналма тұсы жырылып, автокөлік қатынасы толықтай тоқтаған.
«Қазір Ойыл өзенінің аудан аумағындағы жағадауына жақын орналасқан округ тұрғындары үшін 2 қайықпен тасымал ұйымдастырылуда. Ойыл өзені арнасынан асып ағып жатыр. Судың қазіргі деңгейі – 3,2 метр. Ойылдың суы «Ералы» су торабына құйылып жатыр. Ал, Сағыз өзеніндегі су деңгейі түсіп, қауіп сейілді», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 4 судан құтқару жасағы, 25 құтқарушы Қызылқоға ауданына көмекке келді. Сондай-ақ, жол талғамайтын 1 Трэкол, 1 Урал, 1 УАЗ көлігі мен 3 маторлы қайық жеткізілді.
«Аудан аумағында 45,7 шақырымдық бөгет бар. Былтырғы көктемнен бері 3 бөгет, 1 өткел қалпына келтірілді. Қарабау, Тайсойған, Ойыл, Көздіғара және Сағыз ауылдық округтерінде 16 шақырым бөгет жаңадан соғылды», - деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының қанша елді мекеніне тасқын су қаупі төнетінін хабарлаған едік.
Кейін Атырау облысында су тасқынына байланысты 190-нан астам қабылдау бекеті дайындалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Атырау облысындағы су басу қаупі бар аумақтар мен жолдағы су өткізетін құбыр мен көпірлер тексерілді.