Australian Open: Александр Бубликтің жеңісті сериясы тоқтады

Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының ширек финалынан тыс қалды. 

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы, аустралиялық Алекс де Минорға тап келді.

Қарсыластар осыған дейін 5 рет кездесіп, соның үшеуінде аустралиялық теннисші жеңген еді. Дегенмен өткен жылы Бублик қарсыласын екі рет жеңді. Бұл жолы корт иесі аса қиналмай жеңді - 6:4, 6:1, 6:1.

Бір сағат 33 минутқа созылған бәсекеде Бублик 6 эйспен шектелді. Қарсыласы 5 эйс, 6 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, А.Бубликтің жаңа жылдан бері жеті матчқа созылған жеңіс сериясы тоқтады. 

Алекс де Минор жартылай финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькараспен таласады. Ол төртінші айналымда рейтингіде 20-орындағы америкалық Томми Полдан өтті – 7:6 (8:6), 6:4, 7:5.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Елена Рыбакинаның төртінші айналымға жолдама алғанын жазған едік.

Сондай-ақ Дамир Жалғасбай жасөспірімдер арасында екінші айналымға шықты.

Ал Анна Данилина жекелей сында ширек финалға өтті.