«Банкроттықтан кейін пайда болатын салдарлар бар. Сот және соттан тыс банкроттықты қолданатындар:
- банктерден және микроқаржы ұйымдарынан бес жыл бойы несие ала алмайды (ломбардтардан шағын несие алудан басқа);
- жеті жылдан кейін ғана банкроттық туралы қайта өтініш бере алады;
- олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жылдан кейін тексеріледі.
Банкроттықтың салдары бар екенін әркім түсінуі керек. Төлем қабілеттілігі қалпына келтірілгенде мұндай салдарлар болмайды», - деді Сейілжан Ахметов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, спикер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру — сотта қарыздарды бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігін көздейтін рәсім екенін атап өтті. Бұл ретте қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.
Бұл процедураның артықшылығы - одан кейін адам «банкрот» мәртебесінде қалмайды, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды.
Айта кетейік, 2023 жылдың 3 наурызында елімізде жеке тұлғалардың банкроттығын рәсімдеуге өтініш қабылдау басталды.
Содан бері елімізде 17,9 мың азамат банкрот деп танылды.
Сондай-ақ, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жаңа «Қолдау» ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Одан бөлек, соттан тыс банкроттық рәсімінен өту үшін қандай шарттар бары айтылды.