Батыс Қазақстанда Жаңақала ауданының ауыз сусыз қалғаны рас па

ОРАЛ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Жаңақала ауданының төрт күн бойы ауыз сусыз отырғаны жөнінде ақпарат жарияланды.

Фото: Оксана Матасова / Kazinform

Тұрғындар аптап ыстықта сусыз қалғанына наразы. Осыған орай Kazinform тілшісі мәселені облыс әкімдігінен анықтап білген еді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Жаңақала ауданын ауыз сумен қамтамасыз ететін Жаңақала топтық су құбыры желісінде апаттық жағдай болды.

Қазіргі уақытта апаттық-қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Су жинақтау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі күнге 1 200 текше метр су жиналды. Қосымша 750 текше метр су жиналған. Қазір резервуарлардың шамамен 50 пайызы толтырылған. Мамандардың болжамынша, алдағы 1-2 күн ішінде резервуарлар толық толып, ауыз су тұрақты режимде беріледі.

Осы кезеңде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су тәулігіне үш мезгіл төмендегі кесте бойынша беріліп жатыр:

таңертең – 08.00-09.00;

түсте – 13.00-14.00;

кешке – 17.00-18.00.

- Мүмкіндікке қарай су беру уақыты кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады. Қысымы төмен кейбір көшелерге тұрғындарды сумен қамтамасыз ету мақсатында екі арнайы техника арқылы су тасымалдау ұйымдастырылды, - делінген ресми жауапта.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, мұндай жағдай аудан орталығы Жаңақала ауылында және Көпжасар ауылдық округінде болып отыр.

Жаңақалада 9 мыңнан астам, Көпжасарда 2 мыңдай халық тұрады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында саяжайлар жарықсыз қалғанын жазған едік.

Сондай-ақ Орал қаласында Хан тоғайы отқа оранды.

Оралда қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртеніп жатыр.