«Байтақ» партиясы 51 кандидаттан тұратын партиялық тізімді бекітті

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясының кезектен тыс V съезі өтті. Жиында партияның жаңартылған сайлауалды платформасы қабылданып, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына ұсынылатын 51 кандидаттың тізімі бекітілді.

Фото: «Байтақ» партиясы

Съезде партия Жарғысына өзгерістер енгізіліп, «Қазақстан — өмір сүруге қолайлы ел!» атты сайлауалды платформа бірауыздан мақұлданды. Құжатта экология мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылып, оны экономикамен, әлеуметтік саламен, денсаулық сақтаумен, білім берумен, қала дамуы және мемлекеттік басқару жүйесімен сабақтастыру көзделген.

Партия өкілдерінің айтуынша, бағдарлама елдегі өзекті мәселелерді шешуге арналған нақты тетіктерді қамтиды. Сайлауалды міндеттемелердің орындалуын қоғамдық бақылау арқылы бағалау тетігі де енгізілген.

Фото: «Байтақ» партиясы

Съездің басты шешімдерінің бірі — 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысатын партиялық тізімді бекіту болды. Ашық дауыс беру нәтижесінде делегаттар белсенді өңірлік көшбасшылардан, ғалымдардан, тәжірибелі мамандар мен эколог-сарапшылардан құралған 51 кандидаттың тізімін қолдады.

Партия төрағасы Азаматхан Әміртай жаңа Конституцияның қабылдануы елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы маңызды кезең екенін атап өтті.

— Жаңа Конституция мен бірпалаталы Құрылтайға көшу бүкіл саяси жүйеге жаңа талап қойып отыр. Қоғам бүгінде құр уәде емес, нақты нәтиже күтеді. «Байтақ» партиясы бұл сайлауға кәсіби мамандар командасымен және экологиялық бағыттағы дайын ESG-жобаларымен қатысады. Экологиялық қауіпсіздік, таза су мен ұлт денсаулығы әрбір азаматтың негізгі конституциялық құқығы болуы тиіс. Бүгіннен бастап партияның өңірлердегі сайлауалды штабтары толыққанды жұмысқа кіріседі, — деді ол.

Фото: «Байтақ» партиясы

Партия мәліметінше, Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттардың құжаттары заңнамада белгіленген тәртіппен жуық арада Орталық сайлау комиссиясына жолданады.

Бұған дейін Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын кандидаттар тізімін өзге саяси партиялар да бекіткен болатын. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы — 69, «Ақ жол» демократиялық партиясы — 63, Қазақстан халық партиясы — 72, Respublica партиясы — 76, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 33 кандидатты ұсынды.