Бейжіңдегі қазақ радиосы хабар таратқанына 54 жыл толды

Фото: mp.weixin.qq.com

АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігі шетелдегі қазақ баспасөзіне апта сайын шолу жасауды 2018 жылы бастаған болатын. Бұл жобаны қолға алуға қазақ тілінде жарық көретін баспасөз саны тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де артып келе жатуы себеп болған-ды. Шолуда еліміздің басқа елдермен саяси, экономикалық, мәдени салаларда ынтымақтастығы жіті назарға алынады. Сондай-ақ шет мемлекеттердегі ғылым мен техника, оқу-ағарту салаларындағы соңғы жетістіктерге жіті бақыланады.

Бүгінгі материалда жыл басынан бері жарияланған шетелдегі қазақтілді баспасөзге шолуға қысқаша талдау жасап, ең өзекті, қызықты материалдарды қайтадан назарларыңызға ұсынамыз.

Жыл басында «ParsToday»-де «Иранда қанша қазақ тұратынын білесіз бе» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген еді.

Осы тақырыпты жазып келе жатқан 7 жылда оқырмандарымыз шетелде тұрып жатқан этникалық қазақтар туралы көбірек білгісі келетінін аңғардық. Мәселен 2025 жылдың 26 қаңтарында жарияланған «Иранда қанша қазақ тұратынын білесіз бе» деген тақырыптағы шолу өткен жылдың ең көп оқылған материалы болды (59 685 рет оқылған – авт.).

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Ирандық басылымның мәліметінше, XX ғасырдың бірінші жартысының 20-30-шы жылдарында қоныс аударған иммигранттардың қатарында қазақ этносы да бар. Социалистік революцияның орын алуы және құрғақшылық, аштық пен кедейліктің күшеюі қазақтардың қоныс аударуына негізгі себеп болған.

- Иранда тұратын қазақтардың саны туралы нақты статистика жоқ. Бірақ Иранда 15 мыңға жуық қазақ тұрады деседі, оның ішінде 4-5 мыңға жуық жан саны бар мыңдай отбасы солтүстіктегі Гүлстан облысындағы қалалар мен оның маңындағы аудандарда тұрады, - деп жазған еді ирандық басылым.

Сондай-ақ осы жылдың сәуір айында «Әлемдегі ең үлкен отбасылық серуен қай елде өтеді» деген тақырыптағы шолужазған едік.

«ParsToday» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иранның ресми күнтізбесі бойынша фарвардин айының 13-ші күні Табиғат күні деп аталады.

Бұл күні ирандықтар игі дәстүр бойынша табиғат аясына шығып, отбасымен және жақындарымен күнді қуанышты да есте қаларлықтай өткізеді.

- Иран халқы ежелден табиғатты құрметтеп, оны сақтап, тазартуға күш салған. Наурыздың он үшінші күніндегі ирандық шеру әлемдегі ең үлкен көкке шығу болып саналады және оның терең тарихи тамыры бар, деп жазады басылым.

Осы жылдың алғашқы айында «TRT» басылымында ««Түрік әлемі энциклопедиясы» жарияланды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын. Оны Ататүрік атындағы зеттеу орталығы дайындаған. Тарихтан әдебиетке, жол көрсетуші түрік әйелдерінен мәдени құндылықтарға дейін ауқымды қазына ұсынатын энциклопедия ортақ мұра мен мәдени жәдігерлердің болашақ ұрпаққа жеткізілуінде үлкен рөл атқаратын болады.

Аталған БАҚ-та хабарлағандай, Түрік тарихы, мәдени мұра және маңызды тұлғалар туралы мәліметтер жинақталған еңбекті 99 жазушы құрастырды. 9 категориядан тұратын энциклопедияда жарияланған 143 баптың 21-і енді Әзербайжан түрік тілінде жазылды.

Еңбектің қырғыз, қазақ, өзбек тілдерінде де жариялануы жоспарланған. Артынан батыс тілдеріне де аударылады.

Фото: pixabay.com

Естеріңізде болса, түркиялық басылым «TRT»-да наурыз айында «Неліктен кейбір паспорттар басқаларына қарағанда күштірек?» деген қызықты жазба жариялаған еді.

Миллиондаған адам күн сайын төлқұжатымен шекарадан өтсе де, кейбір төлқұжат иелеріне көбірек саяхат еркіндігін ұсынады. Бұл айырмашылықтың себебі не? Сұрақтың жауабын «TRT» басылымы береді.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, «Henley & Partners» және «Arton Capital» жариялаған төлқұжат индекстері визасыз елдер санына негізделген төлқұжаттардың күшін өлшейді. Сингапур және Жапония сияқты елдердің төлқұжаттары 190-нан астам елге визасыз кіруге мүмкіндік берсе, Ауғанстан, Сирия және Пәкістан сияқты елдердің төлқұжаттары қозғалысты шектейді.

«Henley & Partners» өкілі Бурак Демирел индекс деректерінің Халықаралық әуе көлігі қауымдастығынан алынғанын және әртүрлі дереккөздер арқылы нақтыланғанын айтады.

Сондай-ақ паспорт күшіне әсер ететін факторларға экономикалық тұрақтылық, екі жақты сауда көлемі, халық саны және виза шарттарын бұзу статистикасы кіреді.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тығыз ынтымақтастыққа қатысты ақпараттарды жиі жариялап тұратын өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігінде наурыз айында «Қазақстан мен Өзбекстан төрт жаңа сауда дәлізін ашады» деген материал жарық көрген болатын.

Келтірілген деректерге сүйенсек, Өзбекстан Қазақстанмен тауар айналымын кеңейту мақсатында төрт жаңа сауда өткелін ашуды жоспарлап отыр.

Бұл туралы Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бахтиёр Ибрагимов Жетісу облысының кәсіпкерлерімен кездесу барысында мәлімдеді.

Хабарламада айтылуынша, дипломатиялық миссия басшысы Өзбекстан тарапы ұсынған, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған бастамалар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Фото: uza.uz

Сондай-ақ осы жылдың тамыз айында «Өзбекстанда қанша отбасы бар екені белгілі болды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай Өзбекстанда жалпы 10 миллион 244 мың 241 отбасы тіркелген. Сонымен қатар, аймақтар бойынша отбасылар саны жарияланған.

Ал енді қазақша және төте жазумен жарық көретін қытайлық БАҚ-қа жарияланған бірнеше ақпаратқа шолу жасай кетейік.

Қытайда шығатын Harajorga басылымында «Шыңжаңдық қазақ бақташы 46 миллион теңге көлемінде сыйлық алды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Фото: Harajorga

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, ақпан айында Қытайдың 8-шы Мемлекеттік түйе бақташылар жиналысы Шыңжаң өлкесіндегі Бурылтоғай ауданында өткен. Аталған басқосуға 800-ден астам түйе шарушылығымен айналысатын уәкіл елдің түкпір-түкпірінен келген. Жиналыста «Сапа сыйлығы», «Сенімділік сыйлығы», «Үздік сүт пункті, үздік сүт тасушы» қатарлы сыйлық ақшалары таратылып, үздік түйешілердің еңбегі марапатталды.

Аталған айтулы іс-шарада Бурылтоғай ауданы Қарамағай қалашығы Ойқора ауылының тұрғыны Омірбек Мысырханұлы атты қандасымызға 650 мың юань(46 миллион теңге көлемінде - авт.) сыйлық табысталды.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, бұл «Сенімділік сыйлығының» ең жоғары деңгейдегі сыйақысы болып саналады екен.

Сонымен қатар Harajorga басылымында сәуір айында «Қазақтың ұлттық медицинасымен айналысатын дәрігер мемлекеттік үздіктер қатарынан көрінді» деген тақырыптағы жазба жарияланған.

Айта кетейік, Қытайда қазақтың ұлттық медицинасы жақсы дамыған. Бірнеше аудан және аймақ орталықтарында қазақ ұлттық емханалары жұмыс істеп келеді. Аталған ұлттық медицинаның мамандарын дайындайтын Шыңжаң өлкесіндегі орталық медицина университетінде арнайы кафедралар бар деген деректер бар.

Фото: "Алтай газеті"

Harajorga-да жарияланған ақпаратқа сай, 2024 жылғы «Қытай материалдық емес мәдени мұралар жылдық тұлғасынан» 100 кандидаттың атын атады. Шыңжаңнан 3 адам таңдалды.

16 сәуір күні 2024 жылғы «Қытай материалдық емес мәдени мұралары жылдық тұлғасын» көрсету, түсіндіру іс-шарасы 100 адамның есімін жариялады. Онда Шыңжаңдағы материалдық емес мәдени мұралары саласынан 3 адам мұрагер ретінде таңдалды. Солардың бірі қазақтың ұлттық шипагерлігінің (булап емдеу, сүйек оташылығы, үсікті емдеу) мемлекеттік дәрежелі өкілі Бақытбек Құмарқажыұлы болды.

Қытайдың Орталық халық радиосы ақпараттық порталында мамыр айында «Қазақ тілін жетік білетін Вань Жиншуан» деген тақырыптағы хабар жарияланған еді.

Фото: Kazinform

Қазақ тілін білетін Вань Жиншуан: «Көп тіл білу менің өмір жолымды нұрландырды», - дейді.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, оның қазақ тілін үйренгеніне төрт жыл болған.

– Вань Жиншуан қазақша еркін сөйлейді, тіпті мақал-мәтелдерді мағынасымен түсіндіріп айтқанда бізді таңғалдырды, толығын видеодан көріңіздер, - деп жазады «Орталық халық радиосы».

Сондай-ақ дәл осы басылымда осы жылдың мамыр айында «Бейжіңдегі қазақ радиосы хабар таратқанына 54 жыл болды» деген жазба жарияланып еді.

- Биыл Қытайдың Орталық радио-телевизия бас станциясының 75 жылдығы. Ал Орталық радио-телевизия бас станциясының қазақ тілдегі радиосының Бейжіңнен сөйлегеніне тұп-тура 54 жыл болды. Осы жылдарда ұжым жұмысында маңызды тарих, ерекше естеліктер жатыр, – деп жазады Қытайдың Орталық халық радиосының ресми сайты.

Фото: mp.weixin.qq.com

Айта кетейік, радиодағы уақыт алғашқы жарты сағаттан бір сағатқа, кейін екі сағаттан төрт сағатқа, төрт сағаттан жеті сағатқа ұлғаяды. 2015 жылы 1 қаңтардан бастап, тәулігіне 18 сағат әртүрлі мазмұндағы радио бағдарламаларын таратып, заманға сай ұжым барған сайын кемелденген.

Біз жоғарыда шетелдегі ғылым мен техниканың озық жетістіктері туралы жаңалықтарға назар аударып келе жатқанымызды жазған едік.

Қытайдың «Орталық халық радиосы» басылымында шілде айында «Сағаттық жылдамдығы 600 шақырымдық пойыз жұрт назарын аударды» деген хабар тараған болатын. Келтірілген деректерге сүйенсек, Бейжіңде 12-ші Дүниежүзілік жоғары жылдамдықты теміржол конференциясында 600 км/сағ жылдамдық шығара алатын электрлік жоғары жылдамдықты пойызы тұңғыш рет көрсетілді.

Фото: bjd.com.cn

Сондай-ақ шетелдегі қазақтар арасында әртүрлі салада үздік жетістіктерге жетіп жүрген қандастарымыз баршылық. Солардың бірі туралы биылғы жылы көктемде «Тікұшақ тізгіндеген Қытайдағы қазақ жігіті» деген ақпарат жарық көрген болатын.

Бұл ақпаратты әлеуметтік желіге бөліскенімізде оқырмандар жылы қабылдап, қандасымызға ыстық ықыласын білдірді. Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, бүгінде Мейірбек Тілеубекұлы атты қандасымыз – кәсіби тікұшақ ұшқышы. Шыңжаңның Іле қазақ автономиялы облысындағы Нарат жайлауы атты көркем аймақтың танымалдығының артуына орай ол тікұшақпен жолаушыларды алып биіктен кең жайлауды, Өрікті сайының көрінісін тамашалатады.

Фото: Harajorga

– Мейірбектің әуеде ұшқан уақыты 430 сағаттан асты. Болашақта Мейірбек ұшқыш мұғалім куәлігін алып, малшы отбасы балаларының арманын жүзеге асыру мақсатында шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап отыр, – деп жазады Халық газеті.

Қырғызстанның Бішкек қаласында шығатын «Eurasia Today» басылымында «Мекке мұражайында қазақ тіліндегі аудиогид енгізіледі» деген ақпарат жарияланған болатын. Келтірілген деректерге сүйенсек, Меккедегі Сағат мұнарасы мұражайында қазақ тіліндегі аудиогид енгізілмек.

Бұл туралы Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов пен Меккедегі Сағат мұнарасы мұражайының директоры Наиф әл-Маликимен кездесуінде талқыланған.

Тараптар кездесуде туризм, ғылым және мәдениет салаларында ынтымақтастықты талқылап, бірнеше келісімге келді.

Аталған басылымның дерегінше, алғашқы кезеңде қазақстандықтарға мұражайға кіруде жеңілдіктер ұсынылып, ресми делегациялар үшін арнайы шарттар енгізіледі.

Сондай-ақ мұражайдың аудиогид жүйесіне енді қазақ тілі қосылады.