Биыл жылу мен электр желілерін жаңғыртуға 627 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді — Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 130 шақырым жылу желісі мен 10 490 шақырым электр желісі жаңғыртылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.

Коллаж: Kazinform

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасын іске асыруды қамтамасыз етеді. Биыл ұлттық жобамен жалпы сомасы 626,8 млрд теңгеге 130 шақырым жылу желісін және 10 490 шақырым электр желісін жаңғырту көзделген. Негізгі міндет — желілердегі шығындар мен тозуды азайту, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау, — деді Сұңғат Есімханов.

Оның айтуынша, I кезеңде жылумен және электрмен жабдықтау жүйелерінің тұрақты жұмысы үшін өңірлердің өтінімдері бойынша Үкімет резервінен 7 аймаққа 25,4 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы, Жетісу, Абай облыстарына қаражат бөлу туралы қаулылар қабылданды. Қалған өңірлерге жуық арада бөлінеді.

— Мысалы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Шығыс Қазақстан облысында Риддер ЖЭО-да № 5 және 6 қазандықтарға және Риддер қаласындағы жылу желілерінің 12 учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Абай облысында 1-ЖЭО мен Семей қаласының қазандықтары жөнделіп жатыр. Алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін министрлік барлық техникалық және ұйымдастырушылық іс-шараның орындалуын ұйымдастырады. Энергетикалық қадағалау комитеті іс-шаралардың орындалуын қатаң қадағалайды, — деді вице-министр.

Бұған дейін еліміздегі 5 жылу электр орталығы биыл «қызыл» аймақтан шығарылатынын жазған едік.