АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Махмұд Сабырхан жартылай финалға жолдама алды.
Әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта Шри-Ланка боксшысы Джаянатх Кумарамен қолғап түйістірді.
Махмұд бірден ширақтық танытып, дәл соққыларымен қарсыласын тығырыққа тіреді – 5:0. Екінші раундта екі рет есеп ашқаннан кейін рефери жекпе-жекті тоқтатты.
М.Сабырхан осы чемпионатта бірінші жекпе-жегін де мерзімінен бұрын аяқтаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында жарыстың жетінші күні кімдер шығатынын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Санжар Тәшкенбайдың Тәжікстан боксшысын жеңіп, жартылай финалға өткенін, Сәкен Бибосыновтың жарыс жолынан шығып қалғанын хабарлаған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).