Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылындағы дауыл мен нөсер жауыннан кейін 254 тұрғын үй, 14 әлеуметтік нысан, 24 кәсіпкерлік субъектісі және 6 әкімшілік ғимарат зақымданғаны туралы айтылды. Соның ішінде үш мектеп пен үш балабақшада жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір мектеп-интернат және техникалық колледжде ағымдағы жөндеу, ал аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге шатыры түгел жарамсыз болып қалған Жастар ресурстық орталығы күрделі жөндеуден өтеді.
— Залалды бағалау қорытындысы бойынша дауылдан зардап шеккен 220 жеке тұрғын үйдің иелеріне өтемақы төленіп жатыр. Техникалық тексеру нәтижесінде 73 жеке тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылды. Қазіргі уақытта аталған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. 10 шілде — 25 тамыз аралығында төтенше жағдай кезінде зардап шеккен тұрғындарды уақытша орналастыру үшін мектеп-интернат базасында 100 орындық эвакуациялық пункт жұмыс істеді. Эвакуациялық пунктке барлығы 37 адам орналастырылды. Қазіргі уақытта эвакуациялық пунктте тұрғындар жоқ. Аудандағы жағдай тұрақты. Төтенше жағдайдың салдарын толық жою жөніндегі жұмыстар жалғасып жатыр, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, қатты дауыл 9-шілде күні болды. Байланыс мұнарасы құлап, үш адам зардап шекті. Оның біреуі жүкті әйел. Кейін әкімдік дауылдан кейінгі ауылдың күйін көрсетті. Жарықсыз қалған ауылға бірнеше ауданнан арнайы топ барды.