АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 404-ракеткасы Денис Евсеев жекелей сында Исламабад (Пәкістан) челленджер турнирінің жартылай финалына өтті.
Жарыстың 4-ракеткасы Д.Евсеев ширек финалда әлемдік рейтингіде 584-орында тұрған швейцариялық Йохан Никлестің шамасын байқап көрді.
Бірінші партия швейцариялық спортшының еншісіне жазылды – 6:4. Бұдан кейін Евсеев ойын тізгінін қолына алып, камбэк жасай білді – 6:1, 6:3.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық теннисші 5 эйспен бірге 19 брейк-пойнттың жетеуін пайдалана білді. Эйс жасамаған Никлес 4 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Денис Евсеевтің жартылай финалдағы қарсыласы кейін анықталады.
Қазақстандық теннисші сонымен қатар жұптық сында чехиялық Доминик Паланмен бірге бүгін жартылай финалдық кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Исламабад турнирінде Денис Евсеевтің бір күнде екі кездесуін жеңіспен түйіндегенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ 18 жастағы Әмір Омарханов жеңіс сериясын 7 матчқа жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).