Еліміздегі мектептерде балаларды тамақпен қамтамасыз ету нормативтері қайта қаралады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мектептегі психологиялық қызметтердің рөлі артады. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалардың құқықтарын қорғау саласына тоқталсақ, жетім балаларды қолдау үшін отбасылық құрылымның баламалы нысаны – кәсіби отбасы институтын енгіземіз. Тиісті заңнамалық өзгерістер дайын», - деді А. Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол мектептегі психологиялық қызметтердің рөлі артатынын, педагог-психологтердің әдістемелік құралдарының бірыңғай стандарттары енгізілетінін айтты.

«Мектеп пен ата-аналардың өзара қатынасы, қамқоршылық кеңестерінің жұмысы жаңғыртылады. Бұдан бөлек, балалардың дамуы үшін сапалы тамақтану ерекше маңызға ие. Бұл ретте балаларды тамақпен қамтамасыз ету нормативтері, ас мәзірі қайта қаралады. Бастауыш сыныптарының оқушыларына бір мезгіл ыстық тамақ беру бойынша жұмыс жалғасады. Асханаларда қолма-қол ақшасыз есеп айрысу жүйелері, тағамдардың сапасын бақылау онлайн жүйесі енгізіледі, асханалардың материалдық техникалық базасы жаңартылады», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, балабақшаларда балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізіліп жатыр. Осы орайда ондағы бағдарлама да, оқыту әдістері да түбегейлі өзгереді.

Сонымен қатар, мектептерге арналған жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленіп жатыр.

Бүгін Үкімет отырысында білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы бекітілді.