Апта басында республикалық физика-математика мектебінің Алматы филиалының директоры ауысты. Директор қызметіне Алмаз Күнғожин келді. Ол «Математика» мамандығы бойынша PhD докторы.
Күнғожин 2018-2023 жылдары мектепті басқарған. Әр жылдары РФММ-да мұғалім, математика пәнінен олимпиадаға дайындау бойынша жаттықтырушы, директордың бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап «РФММ» КеАҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Сондай-ақ бұған дейін РФММ-да білім алған.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бұйрығымен Наталья Қожабекова Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі болып тағайындалды.
Наталья Сұңғатқызы 1970 жылы Ақтөбе облысында туған. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қостанай заң институтын «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында бастаған. Әр жылдары инспектор, аға инспектор, заңгер-кеңесші лауазымдарында қызмет атқарған.
Осы тағайындауға дейін Наталья Сұңғатқызы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі қызметін атқарды.
Сондай-ақ Қайрат Әбдіров Қостанай қаласының прокуроры болып тағайындалды.
Қайрат Нұрсейітұлы Әбдіров 1980 жылы 4 шілдеде Қарағанды облысының Қарағанды қаласында туған.
Прокуратура органдарындағы еңбек жолын 2003 жылы Қостанай қаласы прокурорының көмекшісі міндетін атқарушы қызметінен бастаған.
Қостанай облысы прокуратурасының ішкі істер органдарындағы тергеу мен анықтаудың заңдылығын қадағалау басқармасының бөлім бастығы (2009 ж.), Қостанай облысы Қарабалық ауданы прокурорының орынбасары (2009–2010 жж.), Қостанай облысы прокуратурасының тергеу мен анықтаудың заңдылығын қадағалау басқармасының аға прокуроры (2011–2012 жж.), Бас көлік прокуратурасының Қостанай көлік прокурорының орынбасары (2012–2017 жж.), Қостанай облысы прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының бастығы (2018–2019 жж.), Қостанай облысы Әулиекөл ауданының прокуроры (2019–2023 жж.) қызметтерін атқарған.
2023 жылдан бастап Қостанай облысы Денисов ауданының прокуроры қызметін атқарды. Сондай-ақ Қостанай ауданының прокуроры болды.
Сыныптық шені аға әділет кеңесшісі.
Сонымен қатар апта ішінде ҚР Көлік министрлігінің баспасөз хатшысы болып Болат Бұхарбай тағайындалды.
Ол әр жылдары «Әділет» партиясының құрылымында, «Медиа Дамыту Қоры» корпоративтік қорында жұмыс істеген, «Қазпошта» АҚ баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Медиажобаларды продюсерлеумен және сайлау науқандарын ақпараттық-коммуникациялық сүйемелдеумен айналысқан.
Suleyman Demirel University мен Қаржы академиясының түлегі.
Құрылтайдың жалпы отырысында ҚР Жоғарғы Сотының судьясы лауазымына Асан Ескендіров сайланды.
Асан Ескендіров 1971 жылы дүниеге келген. Ол Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін (1996) тәмамдаған.
А.Қайруллаұлы еңбек жолын Көкшетау облысы Ішкі істер департаментінің ЭКО сарапшысы болып бастады (1991-1994).
- Көкшетау облысы Әділет департаментінің кеңесшісі, жетекші маманы, бас маманы қызметтерін атқарған (1994-1996);
- Көкшетау қалалық сотының судьясы (1996-1998);
- Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы (1998-1999);
- Ақмола облыстық сотының судьясы (1999-2002);
- Ақмола облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы (2002-2008);
- Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы (2008-2012);
- Ақмола облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы (02.07.2012-18.12.2015).
Сонымен бірге Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне Айдулат Кенжебеков тағайындалды. Осы лауазымда ол ішкі саясат, қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жетекшілік етеді.
Айдулат Кенжебеков 1987 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 2008 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2008 жылы Атырау облысының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында жоспарлау-шарт бөлімінің бас маманы міндетін атқарушы болып бастаған. Кейін осы басқармада бас маман, бөлім басшысы және басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
2019-2022 жылдары Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары болды. Ал 2022 жылдың желтоқсанынан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.
Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС бас директоры болып тағайындалған Сергей Алеевті ұжымға таныстырды.
Сергей Маратұлы Алеев Целиноград қаласында дүниеге келген. 2009 жылы «Қаржы» мамандығы бойынша Еуразия гуманитарлық институтын, 2013 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша Қонаев атындағы Гуманитарлық Университетін бітірген.
Еңбек жолын 2009 жылы Астана қаласы бойынша Салық департаментінің Алматы ауданы бойынша салық басқармасында бастаған. 2021 жылдан бастап Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Аудит басқармасының аудит бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді. 2024 жылдан бастап «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Ішкі аудит қызметінің басшысы болып қызмет атқарды.
2025 жылғы қазан айынан бастап «ЖЭКҚ жөніндегі ҚЕАО» ЖШС Бас директорының орынбасары қызметін атқарды.
Оған қоса Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев «Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып тағайындалған Арман Шайхановты қоғам ұжымына таныстырды.
Арман Шайханов Екібастұз қаласындағы Инженерлік-техникалық институтты «Жылу электр станциялары» мамандығы бойынша, сондай-ақ Қарағанды қаласындағы Қазтұтынуодағының Экономикалық университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2000 жылы Екібастұз қаласының энергетикалық нысандарында бастаған. Кәсіби жолында машинист-обходчиктен қазандық бөлімшесінің аға машинисі және энергоблок машинисі лауазымдарына дейін көтерілген.
2006 жылы «KEGOC» АҚ-да еңбек жолын жалғастырып, жетекші және бас маман, бөлім бастығының орынбасары және бөлім бастығы, бас технолог-жүйетанушы, Ұлттық электр желісін дамыту, сыртқы байланыстар және трейдинг департаменттерінің директоры, Ұлттық электр желісін дамыту және жүйелік қызметтер жөніндегі басқарушы директор қызметтерін атқарған.
2022 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы қарашаға дейін «KEGOC» АҚ-ның «Алматы электр желілерінің» филиалын басқарды.
2025 жылғы қарашадан бастап осы тағайындауға дейін «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарды.