Елімізде ауа сапасы нашарлаған қалалар саны күрт көбейді

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК еліміздегі ауа сапасына қатысты болжамын жариялады.

Фото: freepik.com

— 14 қарашада Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Шымкент, Түркістан, Талдықорған, Алматы және Астана қалаларында атмосферада ластаушы заттардың жиналуына қолайлы метеорологиялық жағдайлар күтіледі, — делінген хабарламада.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлардың (тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия) жиынтығы.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде елдімекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы ықтимал.

Айта кетейік, Өскемен қаласында жаңа экологиялық паспорт әзірлеу жұмыстары басталды. Құжатта ауаға таралатын зиянды заттардың көлемі есептеліп, рұқсат етілген шығарындылар мөлшері белгіленеді.

Сондай-ақ Қарағанды облысында экологиялық ахуал күрделі, аймақта ауаға 293,7 мың тонна зиянды зат тараған.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық талаптарды орындамаған 16 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 3 млн теңгеден асты.