Хоккей: Жастар арасында Финляндия әлем чемпионы болды
Финляндия хоккейшілері финалда АҚШ құрамасын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Осылайша олар өз тарихында бесінші мәрте жеңімпаз атанып отыр.
Хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионаты 1977 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін 6 құрама чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Атап айтқанда, Канада 17, Ресей (КСРО мен ТМД-ны қоса есептегенде) 13, Финляндия мен АҚШ 4, Чехия (Чехословакияны қоса есептегенде) 3, Швеция 2 мәрте алтын медаль алды. Біздің құрама топ-дивизионда 1999 жылы алғашқы алтылыққа енді. Бұл - бүгінгі күнге дейінгі ең жоғары көрсеткіші. Ал 1997 жылы біздің жігіттер жетінші орынға ие болды.
Ал әлем чемпионатының қола жүлдесі Ресей жастарына бұйырды. Олар 3-орын үшін сайыста Швейцариядан 5:2 есебімен басым түсті.
Естеріңізге сала кетелік, аталмыш әлем чемпионатына Қазақстан жастар құрамасы да қатысты. Алдымен В тобында сынға түскен біздің жастар барлық кездесуінде қарсыластарына есе жіберді. Атап айтқанда, алдымен Финляндиядан 0:5 есебімен жеңілсе, одан кейін АҚШ-тан 2:8 есебімен ұтылып қалды. Жастарымыз үшінші кездесуде Словакиядан 2:11 есебімен ойсырай жеңілсе, соңғы ойында Швецияға 1:4 есебімен жол берді.
Бұдан кейін біздің жастар жұбаныш кезеңінде Дания құрамасымен сынға түсті. Онда алғашқы кездесуде қарсыласынан 4:3 есебімен басым түссе, одан кейін 4:0 есебімен ойсырата жеңді.
Ендігі кезекте Дания құрамасы бірінші дивизионда бақ сынайды. Олардың орнына Германия құрамасы шықты.
Алдағы хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионаты 2019 жылдың 26 желтоқсаны мен 2020 жылдың 5 қаңтар аралығында Чехияның Острава, Тршинец қалаларында өткізіледі. Оған АҚШ, Канада, Ресей, Финляндия, Швейцария, Швеция, Чехия, Словакия, Германия, Қазақстан құрамалары қатысады.
Фото: Крис Бэрри/РИА Новости