Ислам елдері «Рафах» өткізу пунктінің тек бір бағытта жұмыс істеуіне қарсы шықты

Фото: Bild

АСТАНА. KAZINFORM — АСТАНА. KAZINFORM — Сегіз араб және ислам мемлекеті Израильдің «Рафах» бақылау-өткізу пунктінің біржақты ашылатыны туралы мәлімдемесіне қатысты терең алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Қатар Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасай отырып Kazinform меншікті тілшісі хабарлады.

Қатар, Мысыр, Иордания, БАӘ, Индонезия, Пәкістан, Түркия және Сауд Арабиясының сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдеме жасап, Израильдің газалықтардың Мысырға баруына мүмкіндік беру үшін «Рафах» бақылау-өткізу пунктін бір бағытта ашатыны туралы мәлімдемесіне терең алаңдаушылық білдірді.

— Сыртқы істер министрлері Палестина халқын өз жерлерінен қуып шығаруға бағытталған кез келген әрекеттің қабылданбайтынын атап өтті. Министрлер АҚШ президенті Дональд Трамптың қозғалыс еркіндігін қамтамасыз ету үшін «Рафах» өткелін екі бағытта да ашу жоспарын толық орындау қажеттілігін атап өтті, — делінген бірлескен мәлімдемеде.

Осыған дейін Израиль жақын күндері Газа секторының сыртқа шығатын жалғыз нүктесі — «Рафах» шекара өткелін біржақты түрде тек Газадан Мысырға шығатын бағытта ашуды жоспарлап отырғанын жазған болатынбыз.

Хабарламада шешім «атысты тоқтату келісіміне және саяси басшылық нұсқауларына сәйкес» қабылданғаны айтылған. COGAT мәлімдемесіне сәйкес, өткел тек бір бағытта — Газадан Мысырға ашылады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Газа жоспарының екінші кезеңі жақында орындалатынын айтты. Алайда нақты уақытын жарияламады. 

Қатар мемлекеті Газа секторындағы атысты тоқтатуды қамтамасыз ету үшін күш салуды жалғастырып келеді. Қатар оқ атуды тоқтату режимі сақталса, келісімнің екінші кезеңіне көшуге мүмкіндік бар үміттенеді. 

Еске сала кетсек, қазан айында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Мысыр, Қатар мен Түркия басшылары Газада атысты тоқтату туралы келісімдерді бекітетін құжатқа қол қойды. Қол қою рәсімі Қызыл теңіз жағалауында Мысырдың курортты Шарм-эш-Шейх қаласында 13 қазан күні басталған «Бейбітшілік — 2025» халықаралық саммитінің аясында өтті.