18 қарашада Израиль армиясы Газа секторының орталығында жер үсті операциясын бастап, Нусейрат және әл-Бурейдж босқындар лагерлеріне танктер мен брондалған көліктерді бағыттады. The Times of Israel хабарлауынша, әскерлер Израиль мен ХАМАС бақылауындағы аймақтарды бөліп тұрған «Сары сызықтан» өткен.
Израиль құрлық күштері 2025 жылдың қазан айында атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылғаннан бері белгіленген шептен алғаш рет ішкерілей еніп отыр.
Израиль қолбасшылығы операцияның ауқымы шектеулі болатынын және әскерилердің пікірінше, Израиль бөлімшелеріне қауіп төндіретін жер асты туннелін жоюға бағытталғанын мәлімдеді.
Израиль билігі көршілес аудандардың тұрғындарын эвакуация туралы ескертіп, Газа секторының солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын негізгі магистрал саналатын Салах ад-Дин жолындағы көлік қозғалысын уақытша жапты.
Куәгерлердің айтуынша, Израильдің брондалған көліктері артиллерияның көмегімен алға жылжып, ондаған палестиналық отбасын баспаналарынан бас сауғалап кетуге мәжбүр етті.
Палестинаның ХАМАС қозғалысы бұл операцияны атысты тоқтату келісімін өрескел бұзу және қауіпті эскалация деп атады.
Израиль армиясы өз кезегінде Хамасты келісім шарттарын орындамады деп айыптады.
Палестиналық медициналық сарапшылардың мәліметтері бойынша, 18 қарашада Газа секторында Израильдің жекелеген шабуылдарынан үш адам қаза тапты.
«Сары сызық» 2025 жылдың қазан айында АҚШ-тың араағайындығымен қол жеткізілген атысты тоқтату туралы келісімнің бөлігі ретінде белгіленген. Ол Израиль әскерлері мен Хамастың бақылауында қалған аудандар арасындағы шекараны анықтайды.
Келісімге қарамастан, Израиль күштері Газа секторының шамамен үштен екі бөлігін бақылауда ұстайды және екі тарап та бір-бірін үнемі атысты тоқтату келісімін бұзды деп айыптап келеді.
Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, келісім күшіне енгеннен бері Израиль шабуылдарында 1600-ден астам палестиналық қаза тапты.
Келісімнің орындалуын бақылайтын АҚШ бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесі бұған дейін келісімнің бұзылуы қаупі екенін ескертіп, екі тарапты да өз міндеттемелерін орындауға шақырған болатын.
Трамп та Нетаньяхуды Газадағы бейбітшілік жоспарын бастауға шақырған.
Газа секторында нөсер жаңбырдан балалар қаза тауып, мыңдаған отбасы баспанасыз қалды.
Өткен аптада Израильдің Газадағы ауруханаға жасаған шабуылынан алты адам қаза тапты.
Одан кейін Газа секторындағы Израиль шабуылдарынан бір тәулікте төрт адам қаза тапты.