Банк өкілдерінің айтуынша, жергілікті аппараттық жүйелердегі бағдарламалық жасақтаманың қатесіне байланысты уақытша ақау туындаған. Сол себепті кейбір клиенттер шоттарына қол жеткізіп, ақша алуда қиындық көрген.
Банк өкілдерінің мәліметінше, ақаудың кибершабуылға қатысы жоқ және ол банк жүйесінің жұмысына жаппай әсер етпеген. Қазір клиенттер шоттары мен қаражатын пайдалана алады. Дегенмен кейбір банк операциялары әдеттегіден ұзақ орындалып жатыр. Әзірге ақау қанша клиенттің шотына әсер еткені белгісіз. Айта кетейік, АҚШ-та 94 млн-ға жуық клиентке қызмет көрсететін JPMorgan Chase банкінің 5 мың бөлімшесі мен 15 мың банкоматы бар.
Сондай-ақ Wells Fargo банкінің клиенттері ақша аудару кезінде қиындыққа тап болғанын хабарлады. Алайда компания бұл жағдайға қатысты түсініктеме бермеді.
JPMorgan Chase банкіндегі ақау АҚШ-та соңғы аптада тіркелген бірқатар техникалық мәселенің бірі болды. Мұндай жағдайлар ондаған миллион америкалық күнделікті пайдаланатын қызметтердің тұрақтылығына деген сенімді әлсіретті. Алайда аталған оқиғалардың өзара байланысы барын растайтын дерек жоқ.
Еске сала кетейік өткен аптада сервер қуатын арттыруға бағытталған жаңарту жұмыстары кезінде Microsoft Outlook қызметі шамамен 48 сағат бойы істемей қалды. Ал жұма күні инфрақұрылымды жаңарту кезіндегі ақауға байланысты АҚШ Федералдық авиация басқармасы ел аумағындағы әуе рейстерін бірнеше сағатқа тоқтатты.