Қазақстан мен Ресей өзара тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін жеткізбек
МӘСКЕУ. KAZINFORM – Қазақстан мен Ресей президенттері келіссөз жүргізіп, екі ел арасында сауда, білімі, атом станциясы құрылыс сияқты өзге де ауқымды мәселелерді мәселелерді сөз етті.
– Владимир Владимирович, Сізге алғысым шексіз. Ерекше қонақжайлығыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Ресей тарапы сапарды ұйымдастыруға мұқият әзірленгенін көрдік. Іс-шаралар жан-жақты ойластырылған. Біз үшін Ресей Федерациясына мемлекеттік сапар – биылғы ең айтулы оқиға. Министрліктер, ведомстволар арқылы консультациялар жүргізіп, тыңғылықты дайындалдық. Өйткені ынтымақтастық ауқымы өте кең. Ресей Федерациясымен барлық салада тығыз байланыс орнаттық. Сіз жаңа ғана қандай жұмыс атқарылғаны, алдымызда қандай міндеттер тұрғаны жөнінде егжей-тегжейлі айттыңыз. Оған алып-қосарым жоқ. Шын мәнінде, мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар – саяси сыпайылық үшін айтылған сөз емес, өзара ынтымақтастығымыздың мәнін ашатын сипаттау,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы екі ел арасындағы өзара қарым-қатынаста ешқандай түйткіл жоқ деп сеніммен айтуға болатынын жеткізді.
- Әлгінде өзіңіз айтқандай, барлық сала табысты дамып келеді. Тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін арттыру міндетін қойдық. Менің ойымша, бұл қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымызға орындалады деп ойлаймын. Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталғым келеді. Көп ұзамай «Росатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл – серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады,-деп қосты Президент.
Осы ретте ол білім саласындағы ықпалдастыққа тоқталды.
- Ресейдің 9 жоғары оқу орны, соның ішінде танымал университеттер Қазақстанда филиалдарын ашты. Бұл үшін Ресей Федерациясының білім саласы өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар Омбы университеті жанынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды. Бұл да елеулі оқиға. Жалпы, білім саласына ерекше мән беремін. Өйткені жастарымызға жағдай жасау керек деп санаймын. Біздің мақсатымыз – жастарға Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихи және геосаяси кезеңдегі ынтымақтастығы мен достық байланыстарын аманаттау. Өскелең ұрпақ мұндай қарым-қатынассыз осынау алмағайып заманда өмір сүру мүмкін емес екенін түсінуге тиіс. Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары бұл міндетті белгілі бір деңгейде орындап отыр. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады деп ойлаймын. Сол себепті Сізді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды.
Мемлекеттік шекарадан өткен сәттен Мәскеу әуежайына қонғанға дейін Ресейдің әуе кеңістігінде Қазақстан Президентінің бортымен бірге РФ Қорғаныс министрлігінің Су-35 ұшақтары қапталдасып ұшты.
Сапар барысында Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бейресми пікіралмасуы кешкі ас үстінде жалғасты.
Президент «Белгісіз жауынгер бейіті» ескерткіш мемориалына гүл шоғын қойып, Ресей Федералды Жиналысы Федерация кеңесінің төрағасымен кездесті.
Сондай-ақ Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өткені туралы жаздық.