Қазақстан Президентінің апталық жұмысына видеошолу

Ақорда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 25 қыркүйек – 1 қазан аралығындағы апталық жұмысына видеошолу ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы 25 қыркүйек Қарулы күштерде кадрлық ауыс-түйіс жасады. Атап айтқанда, Асан Жүсіповті ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына бекітті. Тиісінше, Талғат Қойбақов ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымынан босатылды.

Аптаның алғашқы күні ҚР Президенті Ресей, Беларусь және Қырғызстанның үкімет басшыларымен кездесті.

Дәл сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан Раисы Рустам Миннихановты қабылдады.

26 қыркүйек күні Мемлекет басшысы экс-министр Дархан Қыдырәліні Сенат депутаты етіп тағайындады.

Сол күні Парламент Сенатының депутаты Асқар Оразалыұлы Шәкіровтің өкілеттігі тоқтатылды.

27 қыркүйекте Қазақстан Президенті Түрікменстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жеделхат жолдады.

28 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары басталды.

Президент Германия Канцлері Олаф Шольцтің ведомствосына барып, бетпе-бет форматында келіссөз жүргізді.

Келіссөздерден кейін тілшілерге берген баспасөз мәслихатында Президент Қазақстанның Ресеймен екіжақты тарапта және тиісті интеграциялық бірлестіктер шеңберінде тұрақты достық қарым-қатынаста екенін айтты. Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымы жөнінде пікір білдірді. Өзара айыптауларды тоқтатып, іскерлік келіссөздер жүргізуге шақырды.

Қазақстан мен Германияның ірі және орта бизнестері арасында маңызды коммерциялық келісімдер бекітілді.

Мемлекет басшысы Германияның Федералдық канцлерімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия Президентімен кездесуіне қатысты.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының Германияға сапарына қатысты ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен Қазақстан дипломатиядағы медиатор рөліне қайта оралатынына болжам жасады. Оның айтуынша, Германиядағы сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ресей-Украина шиеленісін шешудің қандай да бір жолын ұсынып жатқан елдердің немесе мемлекеттер тобының талпынысын қолдайтынын айтқан.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың пікірінше, ҚР Президенті Германияға сапарында парасатты дипломатияға айрықша мән берді.

Одан бөлек, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Алматы қаласындағы өкілдігінің бас ғылыми қызметкері Ерболат Сейлеханов Қ.Тоқаевтың Германияға сапары ынтымақтастыққа қуатты серпін береді деген пікірін білдірді.