Қазақстанда торт бағасы қанша тұрады
Торт — десерт, шай ішіп, көңіл жайланғанда таптырмас тәтті кондитерлік өнім. Қазақстандықтар тек туған күн кештерінде емес, түрлі мерекеде дастарханға торт қояды. Kazinform агенттігі Жаңа жыл қарсаңында тәтті тағамның құнын саралап көрді.
Қазақстанда торттың түрі көп. Біз бұл жолы бисквиттен жасалғанын, әдемі әрленгенін таңдап алдық.
Еліміз бойынша қарапайым ғана бисквиттен жасалған торттың ең арзаны Астана қаласында болып шықты. Мұндағы супермаркетте шоколад пен жаңғақ қоспасы бар бисквит бағасы 2100 теңгеден басталып тұр. Бағасы 10500 теңгеге дейін жетеді («Сүтті торт», «Қызыл барқыт»). Кондитерлердің өз қолынан шыққан торт құны 7300-15500 теңге (бағаны салыстыру кезінде «Вупи пай» торты мен жеміс және карамель қоспасы бар бисквит таңдалды) деп көрсетілген. Айтып өтейік, егер қалауыңыз өзге болса, торттың сәнін келтіруге қосымша 1000-2500 теңге төлейсіз.
Ал Жаңа жыл қарсаңында Тараз дүкендеріндегі қарапайым торт бағасы 2300-4500 теңге болып тұр. Кондитерлік дүкендерде торттың келісі 3600-4500 теңге. Авторлық торт келісі 10 000-15 000 теңге деп бағаланған.
Дәл осыған ұқсас бағаны Петропавлдан кезіктірдік. Супермаркетте түрлі крем жағылған бисквиттің келісі 2300-5200 теңгеден сатылып жатыр. «Сүтті торт», «Қызыл барқыт» торты кондитерлік дүкендерде — 5 500-6000 теңге. Ал «Наполеон» және банан мен шоколады бар бисквит, «Вупи пай» бағасы 7300 — 9000 теңге.
Оралда баға сәл жоғары. Мұндағы дүкендерде торт 2800 теңгеден сатылып жатыр. Ал кондитерлік торттар (сәбіз, құлпынай, бал, шоколад және асжапырақ қосылған) бағасы келісіне 6800-12000 теңге.
Ақтау мен Ақтөбеде мерекелік торттың (түрлі кремі бар және әдемі көмкерілген бисквит) келісі орта есеппен 2800-3500 теңге. Ал кондитерлік дүкендерде баға жоғары. Мәселен, Ақтауда «Қызыл барқыттың» келісі 6500 теңге, ал ортасындағы жақпасында жаңғағы бар бисквит немесе «Орео» тортын 7500 теңгеге сатып алуға болады. Ақтөбеде бал қосылған торт немесе Наполеон бағасы 3700-6500 теңге. «Сүтті торт» немесе жеміс-жидек қосылған бисквит бағасы 6800-7500 теңге.
Қостанайда қант қосылып қайнатылған қою сүттен жасалған торттың келісі 3000 теңге, шоколадты торт 6400 теңге. Кондитерлік торт («Сникерс», шоколадты торт және жаңғақ-құлпынай қоспасы бар торт түрлері) бағасы келісіне 7300-10800 теңге.
Талдықорғандықтар жаңажылдық дастарханға торттың (бал қосылған торттан бастап «Тирамисуге» дейін) келісін 3490-4890 теңгеге сатып ала алады. Кондитердің өз қолынан шыққан авторлық торт бағасы құрамы мен сәніне байланысты өзгеріп отырады. «Сүтті торттың» келісі 8000, ал түрлі жидек пен жақпасы бар торт келісі шамамен 12000 теңге.
Шымкентте Жаңа жыл мерекесіне орай безендірілген торт (Мәселен «Вупи пай» мен «Сүтті торт») келісі 3750-5550 теңге. Ал кондитерлер құттықтау сөзі жазылған, шырша бейнелеген және зімбір қосылған ұн өнімімен көмкерілген «Сүтті торт», «Қызыл барқыт» торттарын 11000-15000 теңгеге сатып жатыр.
Көкшетауда түрлі кремді бисквит бағасы 4000 теңгеден басталады. Кондитерлік дүкендерде сәбіз торты, «Ақ барқыт» және «Карамельді торт» кондитерлік өнімі 6000-6500 теңге тұрады.
Қарағанды мен Жезқазғанда баға шамалас. Супермаркеттерде торт бағасы — 4000-5500 теңге. Ал үйде жасалған өнім мен жеке кондитерлік цехтардағы баға 7000-12000 теңге аралығында. Әсіресе «Сүтті торт» пен «Вупи пай» сұранысқа ие. Бағасы келісіне — 8000-9000 теңге.
Семейде түрлі кремі бар бисквит 4000 теңге тұрады. «Сүтті торт» пен «Қызыл барқыт» бағасы — 7500 теңге. Ал шоколадты кондитерлік өнім бағасы 11000 теңгеден басталады.
Қонаевтағы супермаркетте «Наполеон» немесе бал қосылған торттың келісі 4500-5000 теңге. Ал авторлық тортты 7000-9700 теңгеден (торттың сәнін келтіру үшін оған 1000-3000 теңге қосымша ақша төлеу керек) сатып алуға болады.
Атырау дүкендерінде де бір келі тортты 4900-7900 теңгеге сатып алуға болады. Ал жеке кондитер дүкендерінде баға келісіне 5500-9000 теңге аралығында.
Павлодарда «Сүтті торттың» келісі 4980 теңге тұрады. Ал кондитер дүкендерінде авторлық торттың келісі 7000 теңгеден басталады.
Түркістан дүкендерінде «Сүтті торттың» келісі 5000 теңге тұрады. Ал кондитерлік дүкендерде кремі бар торт келісі 6000 теңгеден басталады.
Өскемендегі дүкенде кремі бар торт бағасы 5000 теңгеден басталады. «Наполеон», «Тирамису» немесе «Қызыл барқыт» торттары 5500-7000 теңге тұрады. Ал кондитерлер әзірлеген торт бағасы 7000 теңгеден басталады.
Қызылордадағы дүкендерде торт бағасы 5000 теңгеден басталады. «Наполеон» торты 5000-7000 теңге, «Сүтті торт» 5500-6500 теңге. Авторлық тәтті торт 7000 теңге тұрады. Оған 500-1000 теңгеге түрлі әшекейлерді қосуға болады.
Ал қымбат торт Алматы қаласында болып шықты. Супермаркетте «Наполеон», бал қосылған торт келісі 6400 теңгеден басталады. Ал «Сникерс» пен шоколадты торт келісі — 8900 теңге. Танымал кондитерлер өз өніміне 9900-15000 теңге сұрайды. Мұнда да жеуге жарамды түрлі әшекейлер 1000-3000 тұрады.
Айта кетейік, Kazinform бұған дейін макарон, нан, шұжық, ірімшік және өзге де тағам түрі қанша тұратынын анықтап білді.