Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ұмтыламыз — Путин

Фото: Ақорда

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Қазақстан мен Ресей президенттері келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей — жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер екенін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Оның сөзінше, бұл нақты істерден байқалады. Ресей — Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі және басты инвесторлар қатарында. Былтыр сауда айналымы 27 миллиард доллардан асты.

— Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізді Мәскеуде, Кремль сарайында қарсы алғаныма өте қуаныштымын. Бүгін Мәскеуге Үкімет мүшелерінен және бизнес өкілдерінен құралған үлкен делегация келгенін көріп отырмыз. Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Негізгі құжаттарда жазылған уағдаластықтардың өзектілігін өмірдің өзі көрсетуде. Қазақстан мен Ресей — жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Бұл нақты істерден байқалады. Ресей — Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі және басты инвесторлар қатарында. Былтыр сауда айналымы 27 миллиард доллардан асты. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 20 миллиард долларға жетті. Көптеген ресейлік компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның бизнес өкілдері де Ресейде өз кәсіптерін ашып, белсенді жүргізуде. Біз халықаралық аренада тығыз байланыс орнаттық. Бірқатар өңірлік ұйымға мүшеміз. Алдағы күндері Бішкекте өтетін ҰҚШҰ форумында, одан кейін Санкт-Петербургтегі ТМД-ға және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі басқосуларында кездесеміз. Бағдарламамыз өте мазмұнды, оның барлығы орындалып жатыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыздың қорытындысы бойынша меморандумдар әзірленді. Бұл байланыстарымызды жоғары мемлекетаралық деңгейге шығаруды көздейді. Әрине, бұл бізді қуантады. Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ұмтыламыз, — деді Ресей көшбасшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Кейіннен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің келіссөзі басталғаны белгілі болды.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды.

Президент Мәскеудегі халықаралық қатынастар институтының студенттерімен әңгімелесті.

Кейіннен Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бейресми кездесуі өтті.