Кедендік ақпарат алмасу: Қазақстан Өзбекстан және Пәкістанмен ынтымақтастықты дамытады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтай отырысы өтеді. Онда депутаттар Өзбекстан және Пәкістанмен кедендік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған халықаралық келісімдерді ратификациялау мәселесін қарайды. Құжаттар кеден органдары арасындағы ақпарат алмасуды жеделдетуге, өзара әкімшілік көмекті күшейтуге және кедендік құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Айта кетейік, 16 қазанда Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюрода отырыстың күн тәртібі айқындалған еді. Соған орай депутаттардың қарауына Өзбекстан және Пәкістанмен кеден қызметтерінің өзара іс-қимылына қатысты халықаралық келісімдер шығарылады.

Алдымен Құрылтай Өзбекстан Үкіметімен екі елдің кеден қызметтерінің өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын қарайды. 2025 жылғы 15 қарашада Ташкент қаласында қол қойылған құжат екі мемлекеттің кеден органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, жедел ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге және қатерлердің алдын алу мен олардың жолын кесу бойынша шараларды келісуге бағытталған. Қазір Қазақстанның кеден қызметінің өкілдіктері Қытай, Түркия, Ресей сынды сегіз мемлекетте жұмыс істейді.

Кеден қызметі өкілдігі болатын мемлекеттегі қызметін өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі басшысының жалпы басшылығымен жүзеге асырады. Өкілдіктердің лауазымды адамдарының саны Тараптар арасындағы келісім бойынша айқындалады.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Кеден қызметі өкілдігі мынадай негізгі функцияларды жүзеге асырады:

  • кедендік реттеу мәселесі бойынша өз мемлекетінің мүдделерін білдіру;
  • тараптар мемлекеттері арасындағы кедендік ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысу;
  • кедендік инфрақұрылымды дамытуға және кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жедел шешімдерді қоса алғанда,
  • тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтерінің кеден ісі саласындағы бірлескен ұсыныстарын әзірлеуге қатысу;
  • кеден ісі мәселелері бойынша ақпарат алмасу;
  • тараптар мемлекеттерінің кеден ісі саласындағы халықаралық шарттарының іске асырылуын қамтамасыз етуге қатысу;
  • Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кеден ісі саласындағы нормативтік құқықтық базасын үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
  • тараптар мемлекеттерінің оқу орындарында кеден қызметтерінің лауазымды адамдарын кәсіптік оқытуды және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру мәселелерін келісуге қатысу.

Сондай-ақ депутаттар 2026 жылғы 4 ақпанда Исламабад қаласында жасалған Қазақстан мен Пәкістан Үкіметтерімен арадағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын қарайды. Құжатта екі елдің кеден органдары арасында өзара әкімшілік көмек, техникалық қолдау және кедендік декларациялардағы ақпарат алмасу мәселелері бойынша іс-қимыл қамтылған. Келісімді іске асыру Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруға жол ашады.

Келісім аясында Қазақстан мен Пәкістанның кеден органдары тауарлар мен көлік құралдарының қозғалысына қатысты кедендік рәсімдерді жетілдіру, сондай-ақ өзара әкімшілік көмек көрсету бағытында ынтымақтастық орнатады.

Тараптар тауарлардың сыныптамасы, кедендік құны мен шығарылған жері туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеру, кедендік баждардың дұрыс есептелуін бақылау және тауарларға қатысты тыйымдар мен шектеулердің сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ақпарат алмасады. Бұл ретте мәліметтердің құпиялылығы сақталады.

Сонымен қатар, екі елдің кеден органдары кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға және жолын кесуге, сондай-ақ тергеп-тексеру шараларын жүргізуге бағытталған іс-қимылдарды үйлестіреді. Бұдан бөлек, кеден саласындағы тәжірибе алмасу да ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі болып саналады.

Фото: Алихан Асқар/Kazinform

Құжатқа сәйкес, тараптардың кеден органдары өз бастамасы бойынша немесе сұрау салу негізінде кеден заңнамасын бұзатын не бұзуы мүмкін әрекеттер туралы ақпаратпен алмасады. Сондай-ақ экономикалық қауіпсіздікке, халықтың денсаулығына және қоғамдық мүдделерге елеулі зиян келтіруі ықтимал жағдайлар жөніндегі мәліметтерді ұсынуға міндеттенеді.

Бұдан бөлек, егер экспорттаушы елдің кеден органына тауар импорттаушы елдің шекарасынан өткенге дейін кеден заңнамасының ықтимал бұзылуы туралы ақпарат белгілі болса, ол мәліметтер импорттаушы тараптың кеден органына алдын ала беріледі. Мұндай ақпарат тауарлардың кедендік құнын, сыныптамасын және шығарылған елін айқындауға қатысты мәселелерді де қамтиды.

Келісімнің негізгі мақсаты – кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және екі елдің кеден органдары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту.

Естеріңізге сал кетсек, өткен аптадағы Құрылтай отырысында депутаттар «2027 - 2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға енгізілетін түзетулерді үшінші оқылымда қабылдады.

Үш жылдық бюджетке қатысты баяндама жасаған Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2027 жылдың мынадай үш негізгі көрсеткішін атады:

— кірістер — 25,4 трлн теңге;

— шығыстар — 30,2 трлн теңге;

— бюджет тапшылығы — 4,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызы.

— Бұл ретте бюджет тапшылығы 2029 жылы 0,4 пайызға дейін біртіндеп төмендейді.

- Мемлекеттің меншікті кіріс базасы нығайып келеді. Ол 2029 жылға қарай 23,4 трлн теңгеге дейін өседі, — деді ол.

Фото: worldfinancialreview.com

Ұлттық банк төрағасының орынбасар Ерұлан Жамаубаевтың дерегінше, өткен 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 4,2%-ға өсті. Жылдық инфляция 12 ай қатарынан баяулап, 9,3 пайыз болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 8,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11%-ға, ақылы қызметтер 8,9%-ға артты.

Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастырып келе жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, базалық нұсқаға сәйкес 2027-2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсуі 5 пайыздан жоғары деңгейде қарастырылған. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі.

Ал Құрылтай қабылдаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның мақсаты - екі жаңа ерекшелік белгісін - «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу арқылы отандық мәдениет және өнер қайраткерлерінің еңбегін тану.

Күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, депутат Ләззат Жылқыбаева азаматтардың дербес деректерін қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Нұргүл Тау медициналық қызметтердің экспортын Kazakh Tourism компаниясы арқылы ілгерілетуді, Мақсұт Насибулов қалалар мен елді мекендерде тұрғын үй сапасының бірыңғай стандартын енгізуді ұсынды.