Мені алдап кетті: хостелдегі өртке қатысты айыпталушы жауап беріп жатыр

Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда хостелдегі өртке қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Іс Алмалы аудандық сотында судья Ернар Қасымбековтің төрағалығымен қаралып жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша екі адамға айып тағылып отыр. Олар – ALA Hostel директоры Әділбек Мұхамедьяров пен «Гидсервис» компаниясының иесі Александр Пекельник.

Кезекті сот отырысында сотталушылардың бірі Әділбек Мұхамедьяровтан жауап алынды. Оның барысында ол үй-жайды «KУСА Халық» компаниясынан жалға алғанын және оның мақсаты заңды екенін түсіндірді.

Үй-жайдың басқа функционалдық мақсаты бар екенін және хостел ретінде пайдалануға болмайтынын білесіз бе? деген сұраққа айыпталушы бұл туралы білмегенін және мұндай ірі компания заң бұзуға жол береді деп ойламағанын жеткізді.

Сондай-ақ одан: «Сіз өзіңді алданып қалдым деп ойлайсыз ба?» деп сұрады.

— Иә. Маған «хостел» ретінде берілді. Яғни, мен оны жалға алған кезде жатақхана болды. Мен бұл орын қолданыстағы заңнамаға толық сәйкес келеді деп сендім, — деді Әділбек Мұхамедьяров.

Оның айтуынша, хостел ресми түрде жұмыс істеп тұрды — белгілер бар, ғимарат тексеруге ашық.  

Келісімшартта өртке қарсы дабыл жүйесі мен датчиктер орнатылған жалпы ауданы 457 шаршы метр болатын бірінші және жертөле қабаттарын жалға беру қарастырылған.

— «KУСА Халық» компаниясының маған арнаулы мақсаты өз бетінше өзгертілген үй-жайды нормативтік құжаттарды өзгертпестен жалға беріп жатқанын білмедім, — деп қосты ол.

Осыған дейін прокурор Нұразхан Мырзалы айыптау актісін оқыған болатын. 

Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын. 

Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды

Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары. 

Кейінірек өртенген хостелдің иелері белгілі болды.

Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған

2023 жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды