Хостелдегі өрт оқиғасы: прокурор айыптау актісін оқыды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 13 адам өлім құшқан хостелдегі өрт бойынша басты сот отырысы басталды. Бүгін прокурор айыптау актісін оқыды.

сот отырысы - Алматыдағы хостел
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

Іс Алмалы аудандық сотында судья Ернар Қасымбековтің төрағалығымен қаралып жатыр.

ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша екі адамға айып тағылып отыр. Олар - Әділбек Мұхамедьяров пен Александр Пекельник.

Сот отырысында прокурор Нұразхан Мырзалы айыптау актісін оқыды.

Мемлекеттік айыптаушы тараптың мәліметінше, 2022 жылы кәсіпкер «Гидсервис» мекемесі мен ғимарат иесі «Құса халық» ЖШС арасында қолданыстағы өрт дабылы жүйесін диагностикалау және тексеру үшін келісім-шарт жасалған.

Пекельник өрттен қорғау жүйелерін жобалауға қажетті лицензиясының жоқтығына қарамастан, қолданыстағы дабыл жүйесін визуалды тексеріп, диагностика жүргізген. Бірақ ол бөлмелердің функционалдық мақсаттары мен ерекшеліктерін ескермеді. Нәтижесінде ол орнатылған жүйе одан әрі пайдалануға жарамсыз деген қорытындыға келді.

Прокурордың айтуынша, сотталушы өрт кезінде іске қосылатын дабыл жабдықтарын жеткіліксіз орнатқан, бұл кейінірек іске қосылған кезде жүйенің дыбысы толық шықпаған.

Кейіннен Пекельниктің жұмысын «Кұса Халық» ЖШС қабылдап алған.

Прокурордың сөзінше, ғимарат дүкенге арналған. Әділбек Мұхамедьяров «Құса халық» ЖШС-мен жалға беру шартын жасасқан соң, ол жерден хостел ашқан. Хостел бөлмелері 2023 жылдың қыркүйегінде, өрттен екі ай бұрын жалға алынған.

«Айыпталушы Мұхамедьяров ғимараттың функционалдық мақсатын өзгертіп, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар жалға алушы ол жерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған. Дәлізге төсектер орналастырып, бірінші қабаттағы эвакуациялық есікті жиһаздармен жауып тастаған. Сондай-ақ жертөленің авариялық шығу есіктерін бекітіп қойған», - деді прокурор Нұразхан Мырзалы.

Оның айтуынша, былтыр 30 қарашада сағат 05:30 шамасында №15 бөлменің алдындағы жертөле дәлізінде өрт шыққан. Қызыл жалын 15 бөлменің кіреберіс есігінің алдындағы қабырғаға сүйеп қойған матрацтарды шарпыған. Хостел тұрғындары өрт туралы хабардар болғаннан кейін 67 адам бөлмелерінен эвакуацияланды.

«Осы өрт кезінде Пекельник орнатқан өрт қауіпсіздігі жүйесі дұрыс жұмыс істемеді, атап айтқанда, өрт дабылдарының саны жертөленің барлық тұрғын бөлмелерінде қажетті дыбысты қамтамасыз етпеді, соның салдарынан 14, 15, 16 ұйқыларынан оянбай қалды. Оның үстіне дәлізде өртенген матрацтар №15 және №16 бөлмелердің тұрғындарына кедергі келтірді», - деді прокурор.

Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын.

Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам мерт болды.

Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары.

Кейінірек өртенген хостелдің иелері белгілі болды.

Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған.

Өткен жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды.

Осы жылдың қыркүйек айында Алматы қаласының прокуратурасы хостелдегі өртке байланысты тергеудің аяқталғанын хабарлады.

Осыған дейін алғашқы сот отырысы өткені туралы жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар