Алматыда хостелдегі өртке қатысты сот отырысы басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 13 адам өлім құшқан хостелдегі өрт бойынша сот отырысы басталды.
![Алматыда хостелдегі өртке қатысты сот отырысы басталды Алматыда хостелдегі өртке қатысты сот отырысы басталды](/static/img/plug.webp)
Іс Алмалы аудандық сотында судья Ернар Қасымбековтің төрағалығымен қаралып жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша екі адамға айып тағылып отыр.
Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенген болатын.
Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33-те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды. Мерт болған 13 адамның төртеуі – шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы – Қазақстан Республикасының азаматтары.
Кейінірек өртенген хостелдің иелері белгілі болды. Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған.
Өткен жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды.
Осыған дейін Алматы қаласының прокуратурасы хостелдегі өртке байланысты тергеудің аяқталғанын хабарлады.