Оңтүстік Корея президенті бүлік шығарды деген айыппен келіспейді
АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл жаңа телеүндеу жасап, онда өткен аптада әскери жағдай енгізу дұрыс шешім болғанын айтып, бүлік шығарды деген айыптарды жоққа шығарды, деп хабарлайды ВВС.
Ұзақ сөз сөйлеген Юн бұл шешімге қатысты өз ойын айтып, президенттік өкілеттігін оппозицияға қарсы «ұлтты қорғау және мемлекет істерін қалыпқа келтіру үшін» әскери жағдай жариялау үшін пайдаланғанын еске салды. Бұл әрекетін «терең саяси шешім» деп атады.
Ол сондай-ақ отставкаға кету туралы үндеулерді қабылдамай, оппозицияны «импичменттерді теріс пайдаланды» деп айыптап, соңына дейін күресуге ант берді.
— Маған импичмент жариялана ма, немесе тергелемін бе, мен оған адал түрде қарсы тұрамын, — деп келтірді Yonhap агенттігі оның сөзін.
Президент сөз сөйлер алдында биліктегі «Халық билігі» партиясының жетекшісі Хан Дон Хун импичментті қолдайтынын айтты, ал бұрын оған қарсы болатын. Демалыс күндері парламент Юнға импичмент жариялай алмағаны билеуші партияның ұстанымына байланысты болды. Келесі дауыс беру сенбі күні өтеді.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяның Ұлттық ассамблеясы өткен аптада әскери жағдай енгізу әрекетіне қатысты Юн Сок Ёл мен жеті шенеунікті тез арада қамауға алуды талап ететін қарар қабылдады.
Сондай-ақ Оңтүстік Корея парламенті президент Юн Сок Ёльға қатысты айыптауларды тексеру үшін арнайы прокурор тағайындау туралы заң жобасын қабылдады.
Бұған дейін Оңтүстік Корея президентіне сапарға шығуға тыйым салынды. Елден шығуға тыйым салу Юн Сок Ёль жариялаған әскери жағдайға байланысты тергеу амалдары үшін қажет болды.
Еске сала кетсек, Оңтүстік Кореяның прокуратурасы президентке қарсы мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағып отыр. Оңтүстік Кореяның бұрынғы қорғаныс министрі де мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен қамауға алынды.
Сонымен қатар, Ұлттық жиналыс пленарлық отырыста Президентке импичмент жариялау туралы ұсынысқа дауыс салды. Биліктегі «Халықтық билік» партиясының (ХБП) үш заң шығарушысынан басқасы импичмент туралы ұсынысқа дауыс беруге бойкот жариялады.
Бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хен президент Юн Сок Ёлға өткен аптада әскери жағдай енгізу арқылы бүлік шығаруға көмектесті деген айыппен cәрсенбіде ресми түрде қамауға алынды.