Өрт аумағынан эвакуацияланған қостанайлықтарға психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданындағы өрттен зардап шеккен тұрғындарға психологтер көмек көрсетіп жатыр. Бұл туралы Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Полиция департаментінің психологтары аудан тұрғындары мен балаларға көмек көрсетіп жатыр. Қазіргі уақытта үш маман жұмылдырылды. Эвакуацияланғандардың негізгі бөлігі – мектепте. Психологтар балалармен де, ересектермен де жұмыс істейді. Егде жастағы адамдарға ерекше көңіл бөлінеді. Арт-терапия әдістері қолданылып жатыр», - деді аға инспектор, психолог Динара Қыстаубаева.

Жергілікті құзырлы орган дерегінше, психологтар қазіргі таңда өрт шарпыған ауданның 24 тұрғынымен жұмыс жүргізген.

Бұрын хабарлағанымыздай, Қостанай жұртшылығына еліміздің барлық азаматтары қолдау көрсете алатын қор ашу жоспарланып отыр. Мұнымен қоса, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өрттен зардап шеккендерге жаңа үй немесе өтемақы алу мүмкіндігі ұсынылатынын мәлімдеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанай облысындағы орман өрті ауылдарға қарай жалындап, тұрғындар эвакуацияланды. Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин мәлім еткендей, Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті.