Полиция 8 мың дозаға жететін есірткі дайындайтын зертхананы әшкереледі

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткі өндіретін зертхананы жойды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Фото: ІІМ

Жедел іс-шаралар барысында полицейлер есірткі заттарын дайындау үшін пайдаланылатын прекурсорларды жеткізу арнасын анықтап, жолын кесті.

— Белгілі болғандай, химиялық заттар Шымкенттегі қоймадан Жетісу облысына жеткізіліп отырған. Онда екі ер адам есірткі зертханасын ұйымдастырған. Тексеру кезінде бір тоннадан астам прекурсор, шамамен 8000 доза шығатын 4,5 келіге жуық мефедрон, сондай-ақ оны дайындауға арналған арнайы жабдықтар тәркіленді, — делінген хабарламада.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер есірткі заттарын тек Шымкент аумағында ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріне де таратуды жоспарлаған. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауға алынды.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізген ауқымды арнайы операция барысында адамдарды есірткі бизнесіне тартудың трансұлттық схемасын жойғанын жазған едік.