Адвокатқа Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық», «Пара беруге азғыру» баптары бойынша айып тағылды. Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы сотталушының өзіне тағылған айыпты ішінара мойындағанын айтып, түпкілікті 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
— Сотталушы мен жәбірленуші бір-бірін 2012 жылдан бері таниды. Оның туған ағасына қорғаушы болған және жәбірленушінің де қылмыстық ісін біледі. 2025 жылы жәбірленуші қылмыстық жазаны жеңілдету туралы өтінішпен хабарласқан. Сол кезде іс № 2 Ақтөбе қалалық сотына түскен. Олар желтоқсан айында кездесіп, жазаны жеңілдету үшін 5 млн теңге сұраған. Сотталушы екі миллион теңгесі прокурорға, үш миллион теңгесі судьяға берілетінін, сол кезде сұрағы оң шешілетінін айтқан. Алайда сотталушы өз сөзінде ешкімге де ақша беруге тырыспағанын жеткізді. Тек жәбірленушіні өз сөзіне сендіру үшін солай айтқан, — деді прокурор.
Іс құжаттарын зерделеу кезінде ҰҚК Ақтөбе облыстық департаменті қызметкерлерінің адвокатты ұстау сәті көрсетілді.
Сот үкімімен сотталушыны Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы, 28-бабы 4-бөлігі, 367-бабы 2-бөлігімен айыпты деп танылды. Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша 3 жылға, 28-бабы 4-бөлігі, 367-бабы 2-бөлігімен 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
— Түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Мемлекеттік қызметте, судья, жергілікті өзін-өзі басқару саласында, Ұлттық банк пен оның ведомстволарында, қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау органдарында, авиация саласында, квазимемлекеттік субьектілерде басшылық қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылсын. Жазаны өтеу орны — қауіпсіздігі орташа түзету мекемесі, — деді судья С. Ізбағамбетова.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің сотта берген жауабы, жасырын тергеу кезіндегі аудио, видео байланыс жазбалары арқылы дәлелденді. Сонымен бірге сотталушының күдікті кезінде өз ісін мойындағаны ескерілді. Әрі тінту кезінде көліктен 5 млн теңге табылды. Сонымен бірге заңсыздыққа жол бергені үшін Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрағасына, облыстық әділет департаментінің басшысына жекеше қаулы шығарылды. Жәбірленушінің азаматтық талап арызы қанағаттандырылмады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, Павлодарда сот алаяқтық жасағаны және лауазымды тұлғаларға пара беруге арандатқаны үшін кінәлі деп танылған адвокатқа қатысты үкім шығарды. Сот оған 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.