Сенатор Талғардағы жасөспірімнің өлімі жайында: заңды күшейткенмен мәселе шешілмейді

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің бұрынғы бірінші орынбасары және жақында сенатор болған Марат Қожаев Талғар ауданында жасөспірімнің өлімінен кейін заңнаманы күшейтуге қатысты сұраққа жауап берді.

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

«Біздің заңдар жеткілікті деңгейде қатал екенін айта аламын. Ал қоғамдағы қатыгездік немесе зорлық-зомбылық мәселесін тек заңнаманы қатайту арқылы шешу нәтижелі болады деп айту қиын. Шын мәнінде, бұл тұрғыда әлеуметтік мәселелерді тұтас қарастыру керек. Тәрбиеден, алған білімнен бастап қамтып, адамның өскен ортасына назар аудару қажет», - деді М. Қожаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, көршілес Қытайдың кейбір заңдары Қазақстанға қарағанда өте қатал.

«Оларда кейбір қылмыстар үшін ату жазасы қарастырылған. Дегенмен, Қытайда бұл қылмыстар әлі де болып жатыр», - деді сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, таяуда Президент Жарлығымен Марат Қожаев Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Ол Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары лауазымынан босатылды.

Еске салайық, бұған дейін 4 қазан күні Талғар қаласындағы төбелестен жасөспірім қайтыс болғанын жазғанбыз.

Алматы облысының Полиция департаменті Талғар қаласында 16 жастағы жасөпірімнің өліміне қатысы бар күдіктілердің Қонаев қаласына жеткізілгенін хабарлады.

Ішкі істер министрі Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі бақылауға алды.