Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу жыл соңына дейін аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM – Талғар қаласындағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу жыл соңына дейін аяқталады. Бұл туралы Ішкі істер минитрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.
— Талғардағы кісі өлтіру дерегі бойынша жыл соңына дейін қылмыстық іс аяқталады. Қылмыстық істің материалдары танысу үшін ұсынылады. Тергеу аяқталу сатысында. Биылдың аяғына дейін барлық сараптаманы алып, тергеу іс-қимылдарын аяқтаймыз. Осы қылмыстық іс аясында 11 адам қамауда отыр. Олардың барлығы жауапқа тартылады. Прокурордың келісімі бойынша түпкілікті айып тағылады, — деді С. Әділов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылғаны мәлім болды.
Алматы облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімовтың айтуынша, марқұм Шерзат Полаттың ағасы өз-өзіне қол салар алдында туысына WhatsАpp желісі арқылы хабарлама жіберген.