Шымкентте бойжеткеннің өлімінен кейін полиция қызметкерлеріне қатысты іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкентте бойжеткеннің өлімінен кейін өз қызметіне селқос қарады деген күдікпен полиция қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.
- Осы дерек аясында өз қызметіне селқос қарау белгілері бойынша қылмыстық іс қозғадық. Ол бойынша тергеу амалдарын ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті бастады. Атап айтқанда, қылмыстық істі тіркеу және күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде тиісті шаралар қолданбаған полиция қызметкерлеріне қатысты болады, - деді С. Әділов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, бірінші кезекте полицияның аудандық басқармасындағы лауазымды қызметкерлерінің жауапкершілігі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ тергеу аясында қалалық Полиция департаменті басшылығының жұмысына да құқықтық баға беріледі.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттегі бойжеткеннің өліміне қатысты Бас прокуратураға тапсырма берді.
20 қаңтар күні Ішкі істер министрлігі Шымкент полиция департаментінде кадрлық шешімдер жасағанын мәлім етті. Бұл шешімдер 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қабылданды.
Шымкенттің полиция бастығы және оның орынбасары қызметінен кетті.
Айта кетейік, марқұм Н. Серікбайдың өліміне күдікті ретінде 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
21 жастағы Нұрай Серікбайдың пышақ жарақаттарынан қаза табуына қатысты, марқұмның туған-туыстары қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік болғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, марқұм қудалау мен қорқыту деректері бойынша бірнеше рет көмек сұрап құқық қорғау органдарына жүгінген, алайда жолданған өтініштер тиісті деңгейде қаралмаған.