Сирия президенті Ахмед аш-Шараа ресми сапармен АҚШ-қа барды
АCТАНА. KAZINFORM – Бұл сапар Вашингтон аш-Шарааны терроризммен байланысты адамдар тізімінен алып тастағаннан кейін мүмкін болды, деп хабарлайды BBC.
Америка үкіметінің бұл шешімін Мемлекеттік департамент жұма күні жариялады.
Мемлекеттік департаменттің өкілі Томми Пиггот түсіндіргендей, бұл қадам «Башар Асад кеткеннен кейін Сирия басшылығының қол жеткізген жетістіктерін және елу жылдан астам уақыттағы репрессия режимін» көрсетеді.
Оның айтуынша, қазіргі Сирия билігі АҚШ-тың бірқатар талабын орындап жатыр. Атап айтқанда, Сирияда жоғалып кеткен америкалықтарды іздеуге ынтымақтасу және елде қалған химиялық қару қорларын жоюға күш салу.
Әл-Қаидамен (ҚР аумағында тыйым салынған ұйым - ред.) байланысы бар аш-Шараа бұған дейін АҚШ-тың «арнайы белгіленген жаһандық террористер» тізімінде болған және оны ұстағаны үшін сыйақы ұсынылған.
Түркия мен Парсы шығанағы елдерінің қолдауымен аш-Шараа бастаған күштер Сирияда билікке шамамен бір жыл бұрын Дамаскке жедел шабуыл жасағаннан кейін келді.
Дүйсенбіде Сирия көшбасшысы «жаңа Сирияны» қолдауға уәде берген АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу үшін Ақ үйге барады.
АҚШ-тың одақтасы Израиль Дамаскпен жақындасуға қарсы және Асад режимі құлағаннан бері Израиль радикалды исламшылар деп санайтын жаңа үкіметке әскери арсеналдардың берілуіне жол бермеу үшін Сирия аумағына ондаған шабуыл жасады.
Айта кетейік, Сирия президенті Башар Асад өткен жылы желтоқсанда ел астанасынан кетіп қалды.
Биыл қаңтардың соңында Ахмед аш-Шараа Сирияның өтпелі кезеңдегі президенті болып жарияланды.
Бұған дейін Сирия президенті 1967 жылдан бері алғаш рет БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысқанын хабарлаған едік.
АҚШ Сирия президентін террористер тізімінен шығарды.