Сириядағы төңкеріс: Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның 24 қызметкерін эвакуациялады

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың соңында Сирияда болған мемлекеттік төңкеріс кезінде Қазақстаннан барған бітімгерлер бірқатар миссия атқарды. Ол туралы бірінші ұлттық контингенттің командирі – подполковник Жігер Айыпов айтып берді.
— Бітімгерлік миссияны орындау барысында адам шығыны болған жоқ. Біздің контингент барлық тапсырманы толық орындап, жоғары жауынгерлік дайындық деңгейін көрсетті. Дегенмен, контингент нақты жағдайда әрекет еткен кездер болды, - деді бітімгерлік миссиясын аяқтап елге оралған Жігер Айыпов.
Одан әрі командир Сирияда мемлекеттік төңкеріс кезінде бітімгерлер атқарған қызметке тоқталды.
— Өздеріңіз білесіздер, 2024 жылдың қараша-желтоқсан айларының соңында мемлекеттік төңкеріс болды. Сол кезде біздің контингенттің күшімен БҰҰ-ның 24 қызметкері эвакуацияланды, миссияның жауапкершілік аймағындағы БҰҰ базалары күшейтілді, сондай-ақ 400-ден астам оқ-дәрі жойылды. Бұл халықты қорғауға айтарлықтай үлес қосты, - деп толықтырды ол.
Айта кетейік, бүгін қазақстандық бітімгерлер Сириядан елге оралды.
2024 жылы наурызда Қазақстанның алғашқы ұлттық бітімгерлік контингенті (139 әскери қызметкер) БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарына жіберілген еді.
Еске сала кетсек, былтыр қараша айының соңында Сирияның қарулы топтары үкіметтік күштерге қарсы қуатты шабуылын бастаған еді. Сириядағы қарулы қақтығысты саяси жолмен шешуге бағытталған Астана келісімі бұзылып, Таяу Шығыстан тағы да маза кетті.
30 қараша күні олар Сириядағы көлемі жағынан екінші орында тұрған Алеппо қаласының басым бөлігін бақылауға алса, 6 желтоқсанда – Сирияның төртінші үлкен қаласы Хаманы басып алды.
Сирияның қарулы оппозициясы ел астанасы Дамаскіні жаулап алғанын, ал президент Башар Асад елден қашқанын мәлімдеді.